Еліміздегі 60 кәсіпорын жалақы бойынша 2 мыңға жуық жұмыскерге 1 миллиард теңгеден астам ақша қарыз. Еңбек министрлігінің ақпарына сай, ең көп берешек Абай, Жетісу облыстарында және Астана қаласында тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал жыл басынан бері жергілікті еңбек инспекциясы органдарының көмегімен жалақы бойынша 4 млрд теңгеден аса берешек төленіпті. Олар облыс прокурорларымен бірлесіп, биыл 30 адамнан көп шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорынға тексеру жүргізген. Нәтижесінде 1 мың 150 заң бұзушылық анықталыпты. Сондай-ақ, Еңбек министрлігі еңбек заңнамасын сақтау мәселелері бойынша да тексеріс өткізген.
«Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 мың 23 тексеру жүргізіп, 6 мың 825 заң бұзушылық анықтады. Яғни, еңбек саласында – 4 мың 573, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 2 мың 103 және халықты жұмыспен қамту бойынша 149 заң бұзушылық тіркелді. Сөйтіп, жұмыс берушілерге 2 мыңнан астам ұйғарым берілді және 318 млн теңге сомасына 1 мың 400-ден астам әкімшілік айыппұл салынды», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов.