Қазақстанда электр энергетикасы саласында мамандар тапшы. «Самұрық-Энерго» компаниясының бұрынғы басшысы Серік Түтебаев мәселені тездетіп шешпесе, қызмет ететін ешкім қалмайды деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы Астанада бас қосып, күрмеуі қиын түйіткілді шешудің жолын қарастырды. Серік Түтебаев салаға маман тарту үшін жастарды ынталандыратын шаралар қабылдану қажет деп ойлайды.
– Ауыл балаларына насихат жүргізу керек. Энергетика саласы мамандарының айлығын көтеру керек, – деді энергетик Серік Түтебаев.
Бүгінгі жиын – электр энергетикасы саласындағы мамандардың басын қосқан алғашқы іс-шара. Келелі кездесуге шетелдік сарапшылармен қатар, мемлекеттік орган өкілдері де қатысты. Орталық Азия электр-энергетикалық корпорациясының басқарма төрағасы Бағар Оралдың айтуынша, бүгінде аталған саланы қаржыландыру қиынға соғып жатыр.
– Бұл салаға қаражат құю мәселесі – басты тақырыптардың бірі. Энергетика секторына жеңілдетілген кредит беру қолға алынса деген ұсыныс бар. Сала кәсіпкерлері 20 пайызбен несие алып, мәселесін шешуде. Егер нақты энергетика саласын қаржыландыратын бағдарлама жүзеге асса, жұмыс ілгерілейді. Сонымен қатар тұтынушылардың да қалтасына салмақ түспейтін болады, – деді Орталық Азия электр-энергетикалық корпорациясының басқарма төрағасы Бағдат Орал.
Оқи отырыңыз: Түрксіб ауданында инженерлік желілерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді