Мекемені тінту барысында 1 миллионнан аса ақша, 247 дана фишка, покер үстелі, ойын қарталары тәркіленді
Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жедел-іздеу шараларын жүргізу барысында Шымкент қаласындағы Енбекші ауданында белгісіз тұлғалардың сауна атын жамылып казино ұйымдастырғанын анықтады, - деп хабарлайды «Отырар».
Қаладағы сауналардың бірінде ойын залын жалға алып, покер үстелін орналастырып, дилерлер мен кассирлерді жұмысқа алған олар ойын өткізіп, ақша тауып отырған. Ұтқандарға ақша кассадан төленген.
Ал, электронды казино мен интернет казино қызметі Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған. Мекемені тінту барысында 1 миллионнан аса ақша, 247 дана фишка, покер үстелі, ойын қарталары тәркіленді. Сонымен қатар, бардан лицензиясыз арақ-шарап өнімдері тәркіленді.
Қазіргі уақытта алынған аппараттық-бағдарламалық кешендер бойынша техникалық зерттеулер тағайындалды. Осы факт бойынша ҚР ҚК 307-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ойын мекемелері саласындағы кәсіпкерлік қызмет Ақмола облысының Бурабай-Шортанды және Қапшағай су қоймасының оң жақ жағалауында ғана рұқсат етілген.