Бейбіт Шүменов 2 жылға сотталуы мүмкін

13.07.2023 02:04

Оқиғаның 18 маусымда болған

yandex.kz


Астанадағы мейрамханалардың бірінде қолында баласы бар азаматты ұрып-жыққан спортшы Бейбіт Шүменов 2 жылға сотталуы мүмкін. Полицейлердің сөзінше, бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР Қылмыстық кодексінің 209 бабымен тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы қосымша анықталуда. ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етілмейді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Нұралы Тәңірбергенов.

Оқиғаның 18 маусымда болған. Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбада екі ер адамның төбелескені анық байқалады. Қолында баласы бар азаматты аяусыз ұрған белгілі спортшы Бейбіт Шүменов екені анықталды. Ал жәбірленушінің адвокаты полицейлер видео желіге жүктелгеннен кейін ғана іс қозғады деп отыр. Қорғаушының сөзінше, кішкентай бала да зардап шеккен.

– Менің қорғауымдағы азамат баланы қолынан тастай алмаған. Себебі ол кезде бала мазасызданып тұрған екен. Әкесі мен баласының қандай жарақат алғанын тергеп-тексеру нәтижелері көрсетеді. Менің ойымша, қанша жерден белгілі спортшы болса да, қоғамдық орында төбелес шығарып, баланың көзінше қол көтерген адам заң алдында жауап беруі керек. Біз әділдікке ұмтыламыз, – деді  адвокат Қанат Тілеужан.

Оқиға желіде қызу талқыланғаннан кейін спортшының өзі де пікір білдірді. Әлеуметтік желіде Бейбіт Шүменов бұл оқиғада алдымен өзінің баласының қорлық көргенін жазады. Кейін мән-жайды біліп көрмек болған кезінде қолында баласы бар ер адам дөрекі сөйлеп, қолындағы пышаққа ұқсас затпен сермеп қалыпты.