Қазақстанда 3 жылда жетім балаларға арналған 27 ұйым жабылған

Қазақстанда 3 жылда жетім балаларға арналған 27 ұйым жабылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау ұйымдары басшыларының Республикалық кеңесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында балалар үйі түлектерінің әлеуметтік бейімделу мәселесі талқыланды.

«Соңғы жылдары балалар үйінің түлектері мен олардың әлеуметтік өмірге бейімделуі мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл мәселелер ведомствоаралық әрекет арқасында тиімді шешілері сөзсіз. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларға орналастыру бойынша мемлекеттік емес агенттіктерді ашу керек. Соңғы жылдары балалар үйінің азайғаны байқалады. Балаларды отбасыларға орналастыру маңызды. Асырап алған ата-аналардың саны көбейіп келеді. Бұл қуантады», – деді ҚР БҒМ вице-министрі Эльмира Субханбердина.

Бүгінде Қазақстанда 5 043 бала балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Соңғы 3 жылда балалардың саны 3 мыңға азайып, 27 ұйым таратылған.

«Республикада ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғауға мүмкіндік беретін нормативті-құқықтық база қалыптасқан. Балаларды ересек өмірге дайындау мақсатында 14 жасөспірімдер үйі ашылған. Онда 208 бала тәрбиеленіп жатыр. 4 өңірде 23-29 жас аралығындағы жастарға арналған жастар үйі жұмыс істеп тұр», – деді ҚР БҒМ балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсайынов.

Қазақстанда қазір отбасылық типтегі 23 мекемеде 849 бала өсіп жатыр. 43 балалар үйі мен мектеп-интернат бар. Онда 2797 бала оқып жатыр.

Денсаулық сақтау жүйесінде 21 сәбилер үйі, әлеуметтік қорғау жүйесінде 18 медициналық әлеуметтік мекеме жұмыс істеп тұр.

Айта кету керек, балалар үйі тәрбиеленушілерінің ЖОО-ға, колледждерге түсуі үшін мемлекеттік тапсырыстың 1%-ы жұмсалады.


Новости партнеров