Өркениеттен шет қалдық: Алматы облысының тұрғындары жарықсыз отыр

15.08.2023 19:23

Әкімдік өкілі жарықтың жайы қыркүйектің соңына дейін шешілетініне сендірді

sn.kz

«Өркениеттен шет қалдық». Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты Көктоған ауылының тұрғындары жарық пен ауыз суға зәру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Көктоғанда жарық мәселесі бір емес, бірнеше мәрте көтерілген. Алайда әлі күнге дейін шешімін таппай келеді». Осылай деген ауылдағы ағайын ауа райының бұзылмағанын тілейді. Себебі үп еткен жел тұрса, жарық өшеді де қалады екен.

– Екі күннің бірінде найзағай ойнап, жел соқса, жарық өшіп қалады. Кеше кешке өшкен, бір тәуліктен бері жарық жоқ. Ауылды жерде тұрғандықтан сиыр сауамыз. Бірақ сүт, тағамның бәрі ашып жатыр, – деді Көктоған ауылының тұрғыны Ғалия Байботанова.

Көктоғандықтардың сөзіне сенсек, жауаптылардан әрекет болмаған соң, өздері жарықсыз отырмаудың қамын ойластырған. Тұрғындар ескі бағандардың басына шығып, үзілген тоқ сымдарын  жалғайды екен.

Тұрғындар тоқ сымының үзіліп, көше бойында жататынын да жасырмады. Бұл жағдай бала-шағаның сорына айналмаса болды деп алаңдап отыр.

– Бала-шаға жолдан әрі-бері өтеді. Балалардың үстіне құласа, кім жауап береді? Құдай одан сақтасын. Жылқының үстіне тоқ сым түсіп, арам өлді, – деді Көктоған ауылының тұрғыны Ғалия Байботанова.

Ал жарық сөнсе, тұрғындар ауыз судан қол үзеді. Себебі құдықтағы тіршілік көзін электр тоғы арқылы алады. Ауылдықтарды алаңдатқан мәселе көп. Әр көшеден келген көктоғандықтар елдімекеннің жай-күйін айтып, жауаптылардың «жауапсыздығын» сөз етті.

– Біз 2 жылдан бері осында тұрамыз. Содан бері су жоқ. Ауылда мектеп те жоқ. Қаңғыған ит көп. Жарық жиі өшеді, – деді Көктоған ауылының тұрғыны Гүлзада Бағланқызы.  

Әкімдік өкілі ауылдағы мәселенің бәрін біртіндеп шешуге тырысып жатқанын айтып ақталды. Ал жарықтың жайы қыркүйектің соңына дейін шешілетініне сендірді.

– Қазір тоқтың күші аз болғандықтан, Көкөзек ауылында жаңа станса салынып жатыр. Қыркүйекте аяғына дейін жұмысы аяқталады. Сол кезде мәселенің бәрі шешіледі деп ойлаймын, – деді Елтай ауылдық округі әкімдігінің орынбасары Біржан Белғожаев

Ал ауылды жарықпен қамтып отырған компания өкілдері бұл олқылықты қолайсыз ауа райымен байланыстырды. Қауіпті әрі ескі бағандарды тек бір-екі жылда ауыстыратынын айтты.

– Жергілікті әкімдікке жіберетін бағанның жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Топографиялық съемкасы түсірілді. 2024-25 жылдары жұмыс басталуы керек, – деді «АЖК» АҚ Қарасай ЭТА бас инженері Әлихан Сейдәлиев.

Жауаптылардың айтуынша, мәселе келер жылы толық шешілуі мүмкін.  

Гүлмарал Изатқызы, Арсен Сандыбаев, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Коммуналдық қызметтерге тарифтің өсуіне байланысты кімге өтемақы төленеді