Алматыда «Jas Otan» коворкинг орталығы ашылды

19.06.2019 21:57

Онда кітапхана, семинар мен кездесу өткізетін арнайы бөлмелер бар

Фото Казинформ

Бүгін Алматыда жастардың рухани дамуына барлық жағдай жасалған «Jas Otan» коворкинг орталығының ашылуы болды. Оған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек арнайы барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өз кезегінде әкім ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да басты мақсаты жастарға қолдау көрсету екенін баса айтты.

Айта кетейік, жаңа нысанда кітапхана, семинар мен кездесу өткізетін арнайы бөлмелер де бар. Коворкинг-орталықты жөндеуден өткізуге Әміржан Нәбиев, Вячеслав Банщиков және Қайыржан Мимикенов сынды қаладағы белгілі меценаттар атсалысқан.

«Жекелеген азаматтардың есебінен аз уақытта осындай орталық керемет жөндеуден өтіп, жастарға қажет заманауи құралдармен толық жабдықталды.  Бүгіннен бастап белсенді жастарды топтастырып, олармен Қазақстанның болашағы жайлы ақылдасу керек, нақты жоспар құру керек», – деді Алматы қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан БАЙБЕК.

Аталған шарада қала әкімі бірлестіктің жаңа мүшелеріне партия билеттерін тапсырды. Олардың қатарында қазақ тілі клубының басшысы Марина Фалеева, Қазақстан мен Паралимпия ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Азамат Оразбек, жас композитор Ғаламат Бейсеқожа, Сингапурдағы «Медицина саласындағы 100 стартап-жоба» жүлдегері Алина Ачилова секілді талантты жастар бар.

«Жалпы, алдағы уақытта жастарға күш-жігер беретіндей бағдарламалар ұйымдастырсақ деп отырмыз. Себебі бүгінде көптеген жас алға мақсат қойғанымен, оған қол жеткізуге талпына бермейді. Ендеше, біз соларға қозғау салатын, шабыт беретін мотивациялық кездесулер ұйымдастырсақ», – дейді Қазақстан мен Паралимпия ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Азамат ОРЫНБЕК.

Теги: коворкинг