Биыл Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды. Арқаның төсінде дүниеге келген даңқты батыр – Қазақстан қарулы күштерінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген тұлға. Өмірінің 54 жылын әскерде өткізген Сағадат Нұрмағамбетовтің ғасырлық тойы ел көлемінде аталып өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азат елдің «Халық қаһарманы» деген айрықша атағын алғаш алған әскери қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған басқосу Алматыдағы «Офицерлер үйінде» өтті. Жиынға ардагерлер, генералдар, офицерлер мен жас буын өкілдері қатысты. Алдымен даңқты батырдың өмірінен көрініс беретін деректі фильм көрсетілді. Мақсат – ұлы тұлғаны ұлықтау.
– Биыл – ел тарихындағы қаһармандар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың ғасырлы мерейтойы. Республикалық шараға үлес қосуға тырысып жатырмыз. Бүгін жиналғандарға Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірінен сыр шертіп, елім деген ерлерді жан-жақты танытуға тырыстық, – деді ҚР Мемлекет және әскери қайраткері Махмұт Телеғұсов.
Жастайынан алғыр, өжет болып өскен Сағадат Нұрмағамбетов әке-шешесінен ерте айырылған. 18 жасында әскер қатарына қабылданып, шайқасқа қатысады. Взвод командирі болады, жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiк танытып орындаған жас жігіт көзге түседі. Бар-жоғы 21 жасында Кеңес Одағы батыры атағын алады. Сұм соғыстан кейін Сағадат Нұрмағамбетов көп жыл мәртебелі қызметті атқарды. Ел тәуелсіздік алған соң, туған жерінің қауiпсiздiгi мен қорғаныс саласын нығайтуға бар күшін салды. 1991 жылы батыр Қазақстан мемлекеттiк қорғаныс комитетiнiң төрағасы қызметіне кірісіп, бір жылдан кейін Қорғаныс министрi болып тағайындалды.
– Бірнеше жыл армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов ағамыздың қолында жұмыс істедік. Ол кісі зейнетке шыққанша бірге жүрдік. Ол – 70 жасында алғаш «Халық қаһарманы» атағын адам, – деді «Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жантемір Хамза.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігінің арнайы тапсырмасымен биыл 25 мамырға дейін батырдың туған жері Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы алаңға ескерткіш орнатылмақ. Сондай-ақ елорда әкімдігі еліміздің бас қаласында армия генералының құрметіне берілген көшеге ескерткіш дайындау және оны орнату жұмыстарын ұйымдастырады. Ал жуырда батырдың ерлігі мен курсанттардың өмірінен сыр шертетін «Әскери ант» телехикаясы көрерменге жол тартады.
Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда 100 домбырашының қатысуымен ерекше флешмоб өтті