«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен өткен жылы 25 мыңнан аса аламтылық жас жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 1,5 мың, «Жұмыспен қамтудың жол картасымен» 4 мыңнан астамы жұмысқа орналасты. Тұрақты жұмыс табамын дегендерге басқа қандай тиімді бағдарламалар бар? Қала бойынша қай мамандықтар сұранысқа ие? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.
23 жастағы Төрежан Өтеген «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының игілігін көрді. Осыдан 2 жыл бұрын жұмыс өтілінсіз Жұмыспен қамту орталығына келіп, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Енді ол да жұмыс іздеп орталыққа келетін жастарға жәрдемдесіп, бағыт бағдар көрсетіп жүр.
«Диплом алғаннан кейін мен жұмыс табу мақсатында бірінші осы жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгіндім. Себебі менің мамандығым – әлеуметтік жұмыс. Яғни, қазіргі таңда диплом бойынша да жұмысымды атқарып жатырмын және сол арқылы «Жастар тәжірибесінен» өткен болатынмын», – деді қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім маманы Төрежан Өтеген.
«Жастар тәжірибесі» жоғары оқу орындарын жаңа бітірген түлектер үшін зор мүмкіндік. Себебі бағдарламаға еңбек өтілі жоқ, 29-ға толмаған әрі оқу бітіргеніне үш жыл өтпеген азаматтар қатыса алады. Олар мамандығы бойынша 6 ай уақытша еңбек тәжірибесінен өтеді. Мемлекет 102 мың теңге көлемінде жалақы төлейді. Ал жастарды тұрақты түрдегі жұмысқа алып қалуды жұмыс берушінің өзі шешеді.
«Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 400-ден аса мекеме «Жастар тәжірибесі» бойынша бізбен жұмыс істеуге дайын. 1200-ден аса вакансиялар өз мамандығы бойынша жастарды күтуде. Қазіргі таңда 260-тан аса жастар тәжірибені өтіп жатыр», – деді қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Гаухар Әуелова.
Жұмыс іздеген жандарға таптырмас бағдарламалардың бірі – «Еңбек». Мемлекеттік бағдарлама халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған.
Биыл бағдарламаның арқасында 10 мыңнан аса алматылық тұрақты жұмыс тапса, 7 мыңдайы қоғамдық жұмыстарға тартылыпты. Қазір нарықта медицина мамандары мен құрылысшылар тапшы көрінеді.
«Қазіргі таңда Алматы қаласында Халықты жұмыспен қамту орталығында «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Тұрақты жұмыс орындары бойынша қазір 3 мыңға жуық бос орын бар. Оның барлығы электрондық биржа порталында көрсетілген», – деді қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Әділет Жаңабаев.
Бағдарламаларға қатысу үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет. Мұндай тіркеуді тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығынан немесе Egov порталы арқылы онлайн режимде алуға болады. Бос орындар тізімін орталықтың ресми сайтында жарияланып отырады.
Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы