Елімізде сервистік мемлекеттік аппарат құру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңашылдық алдымен саланы толық бюрократиядан арылтуға, ашық, қолжетімділік қағидатына негізделген. Бастаманың жәй-жапсары бүгінгі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі отырысында талқыланды. Консультативтік-сараптамалық топ өкілдері бас қосып, бірлесе атқарар жоба-жоспарларын нақтылады.
Кеңсе кезіп, құжат толтырып, одан қалды кезек тосу керек. Бұл – мемлекеттік қызмет түрін пайдалану машақаты. Мұны қоғам белсендісі Марат Башимов та жақсы біледі. Оның айтуынша, туу туралы куәлікті 3 күн жасатқан.
«Министрлік бюджеттің ақшасы цифрландыруға бөлінеді, бәрі жақсы дейді. Бірақ қарапайым азаматтар жүгіріп жүргенін өз басым көрдім. Бір туу туралы куәлік жасау үшін 2-3 күн кетеді. Барып өзін жүгіресің, анда-мында барасың», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сервистік мемлекеттік аппарат құру жөніндегі консультативтік-сараптамалық топ мүшесі Марат Башимов.
Саладағы түйткілді шешу үшін агенттік сервистік мемлекеттік аппарат құру бастамасын қолға алып отыр. Түпкі мақсаты - цифрландыру. Агенттік төрағасының айтуынша, қазір бұл үрдіс баяу атқарылып келеді, нәтижесі де көңіл қуантарлық емес. Бүгінгі күні адамдардың қатысуынсыз атқарылатын электрондық қызметтердің үлесі 4% ғана. Қалған қызметтер электронды нысанда тек өтінішті беру немесе оның нәтижесін алумен ғана шектелген. Демек барлық ішкі процестерді қызметшілер іске асырады.
«Қазіргі кезде біз «толыққанды 93 пайыз мемлекеттік қызмет көрсету цифрландырылды» деп айтамыз. Оның 4 пайызы адамдардың қатысуымен жүзеге асады. Негізгі бағдарлама клиентке ыңғайлы болуы тиіс. Мемлекеттік орган осы сервистік аппаратқа қарай ыңғайландыру керек», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.
Жыл басынан салада 74,3 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Басым бөлігі электронды форматта іске асқан. Бірақ қызмет алушылардан түскен шағым көбейген. 100-ден аса арыз қарастырылып жатыр.
Камшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы