|
12.02.2024 | 14:29
1137

Жол жоқ: ауыл тұрғындары уәдесінде тұрмаған қала әкімін сынға алды

Олардың айтуынша, балалар сабаққа үнемі кешігіп барады

Жол жоқ: ауыл тұрғындары уәдесінде тұрмаған қала әкімін сынға алды Almaty.tv

«Ауырудан қорқамыз, жедел жәрдем көлігі келмейді». Атыраудағы Самал шағынауданының халқы шу шығарды. Олардың айтуынша, жыл сайын жол салып береміз деп жұртты жұбатып, шығарып салатын шенеуніктерден көңілі қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңбыр жауса, шағынаудандағылар балтырдан батпаққа батып қалады. Бұл жерде адам түгілі көлік те әрең жүреді. Тұрғындардың айтуынша, қонақ шақырмайды, ал балалар сабаққа үнемі кешігіп барады.

– Балаларды мектепке апара алмаймыз. Жедел жәрдем шақырмаймыз, келсе, батпаққа батып қалады, – деді қала тұрғыны Гүлсара Торжанова.

– Бірнеше рет арыз жаздық, қала және облыс әкімдігіне бардық. 2017 жылы баспана сатып алдық, әлі батпаққа батып отырмыз.  Облыс әкімдігінің қабылдауында болдық, жағдайды айттық.  Әкімдік асфальт төгінділерін төкті, оны да дұрыс жая алмадық, – деді қала тұрғыны Бике Нысанбекова.

Ауыл тұрғыны Жасталап Серікбаев уәдесінде тұрмаған қала әкімін сынға алды. Зейнеткер «халықпен кездесуде уәдені үйіп-төгетін шенеунік сөзінде тұрмайды, ал зардабын халық шегеді» деп мұңын шақты.

– Былтыр әкім жол салып беремін деп шығарып салды. Байқаймын, биыл да уәде орындалмайды, – деді Жасталап Серікбаев.

Көп ұзамай халықтың ортасына жауапты маман да келді. Ол аталған шағынауданға қатысты сметалық-жобалық құжаттама дайын екенін айтты. Ал түзу жол мұңға айналған жалғыз бұл аудан емес. Шаһарда Геолог, Самал, Ардагер ықшамаудандары мен қала орталықтарындағы көшелерде де жол жоқтың қасы.  

– Қазір жобалық сметалық-құжаттамасы жасақталып бітті.  Экспертизадан оң қорытындысын алған соң, мәслихатқа ұсынамыз. Қаражат бөлінсе, мәселе шешімін табады. Қалып қойған 53 км көшені жинақтап, жоба жасаттық. Ал алдыңғы жылы асфальт қалдықтарын төсеп бердік, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығали.

Алайда сабыры таусылған самалдықтар жауаптылардың бұл сөзіне күмәнмен қарайды.

Жұлдыз Қайрат, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Тегін баспана: Қарағандыда кезекке тұрған заңсыз тізім анықталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир