«Алматы жылу желілері» карантин мерзімі кезіндегі төлемдерді жыл соңына дейін ұзартуға болатынын мәлімдеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінде өткен брифинг барысында «Алматы жылу желілері» ЖШС коммерциялық директоры Болат Құлатаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында Қазақстанда төтенше жағдай және Алматы қаласында карантин режимінің енгізілуіне байланысты, төтенше жағдай кезеңінде қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін 12 апаттық бригада, 40 бірлік арнайы техника және 126 жұмысшы ұйымдастырылған.
«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен, төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет ақыларын төлеуге мүмкіндігі болмайтын тұрғындарға наурыз және сәуір айлары үшін жылу қызметінің төлемдерін жыл соңына дейін төлеуге мүмкіндік берілді», – деп атап өтті спикер.
Бүгінде карантин енгізілгелі бері материалдық тұрғыдан қиын жағдайда қалған тұтынушылар арнайы нөмірлер бойынша қоңырау шалып немесе кәсіпорынның электрондық мекенжайына хат жазып, наурыз және сәуір айлары үшін төлемді жыл соңына дейін ұзарту туралы өтінімді рәсімдей алады.
«Сондай-ақ, ҚР заңнамаларына сәйкес, коммуналдық қызметтердің түбіртегі әдеттегі тәртіп бойынша жіберіліп тұратынына назар аударуды сұраймыз», – деді Болат Құлатаев.
Бұдан өзге, карантин кезінде қарызы бар тұтынушы жылу желісінен ажыратылмайды. Және жеке тұлғаларға коммуналдық қызметті уақытылы төлемегені үшін айыппұлдар мен өсімақы салынбайды.
Карантин кезінде «Алматы жылу желілері» ЖШС онлайн режимде жұмыс істейтіндіктен, ыстық су құрылғысының көрсеткішін алу үшін бақылаушылар тұтынушылардың үйіне бармайды. Ыстық су құрылғыларын орнату және ауыстыру қызметтері уақытша тоқтатылады.
Тұтынушылар «АлТС» ЖСШ-нің көпарналы +7 (727) 341-07-707 нөміріндегі анықтама қызметіне сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін хабарласып, ақыл-кеңес ала алады.
Сондай-ақ, тұтынушылар үшін қосымша электронды мекенжайлар құрылды. Төмендегі мекенжайлар бойынща хат жазып немесе кеңес алуға болады:
info@alts.kz (Байзақов, 221 үй),
batys@alts.kz (Ауезов, Наурызбай, Алатау аудандары үшін),
shygis@alts.kz (Түрксіб, Жетісу, Медеу аудандары үшін),
ortalyc@alts.kz (Бостандық, Алмалы аудандары үшін).