Көктөбеде әлемдік классикалық музыка жауһарлары шырқалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл концерттің 700 билеті бір мезетте өтіп кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда теңіз деңгейінен 1100 биіктікте орналасқан Көктөбеде әлемдік классикалық музыка жауһарлары шырқалды. Ашық аспан астында өткен концерт 2 сағатқа созылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәстүрлі «Көктөбе» опера фестивалінің биылғы басты қонағы Иван Дефабиани болды. Ол Джузеппе Вердидің «Травиата», «Бал-Маскарад» операсынан ариялар орындады. Сондай-ақ, шарада отандық опера әншілері де өнер көрсетті. Концертке әдеттегідей атақты Алан Бөрібаев дирижерлік етті. Дәстүрлі түрде өтетін халықаралық фестиваль Алматы күнін тойлаудың басы дейді ұйымдастырушылар. Биыл концерттің 700 билеті бір мезетте өтіп кеткен.

«Биыл да қала тұрғындары мен қонақтарына өте қызықты бағдарлама дайындадық. Кеште қазақ композиторларының да туындылары шырқалды. Дегенмен, бұл жолы француз әуендеріне ден қойылып отыр. Халық әлемдік сахналарда орындалған шығармаларды тыңдайды. Көктөбе жотасының баурайында, айдың жарығымен классикалық әуен тыңдап, шабыттанып кетуге болатын шара жылда өтеді деп сенеміз», –  деді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, «Алматы Көк-Төбе опера» халықаралық музыка фестивалінің көркемдік жетекшісі  Асқар БӨРІБАЕВ.

«Мен қалаға қыдырып келдім. Өзім Мәскеуден келгенмін. Тіпті біздің өзімізде іс-шара болып жатқан жоқ. Өте сирек өтеді. Ризамын», – деді мәскеулік қонақ.

«Концерт ұнады. Бүгінгі көңіл-күйіміз өте керемет. Опера көріп, демалып жүрміз», – деді келесі бірі.  

«Маған қатты ұнады.  Кәсіби музыкант екендіктері көзге ұрып тұр.  Дауыстары қандай тамаша», – деді тағы бір тұрғын.  

Новости партнеров