Абзалдың жаңа жобасы бойынша 1 минутта 1200-ден астам кітапты латын графикасына аударуға болады
Ол 2 жасында әріп танып, 5 жасында көбейту кестесін жатқа айтқан. Мектепте оқып жүріп бір жылда екі сыныптың бағдарламасын меңгерген. 12 жасында мектеп бітіріп, студент атанады. Қазіргі таңда ол жоғарғы оқу орнының 3 мамандығында қатар оқып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жас дарын бұған дейін Президенттің алдында өз жобасын қорғап үлгерді. Алдағы уақытта білімін шетелде жалғастыруды көздеп отыр.
Абзал – үш баланың тұңғышы. 12 жасында мектеп бітіріп, әлемдік деңгейде 1-орында тұрған MIT университетіне қашықтықтан емтихан тапсырады. Нәтижесінде, Америка мемлекетінен оның оқуға түскендігі жайында қағаз келеді. Алайда, Бостон қаласының талабы бойынша, кәмелетке толмаған бала ата-анасымен келіп оқуы керек екен. Осылайша, отбасы жағдайына байланысты ол әлемдік университеттен бас тартады.
«Қазақтанда ешқандай компьютерлік техниканы өндіретін жер болмағандықтан, болашақта осындай компютерлік техниканы, оны жабдықтайтын құралдарды, нанороботтарды жасайтын үлкен кәсіпорын ашқым келеді», – дейді ҚБТУ-дың 3-курс студенті Абзал МЫРЗАШ.
Абзал ағылшын тілін жетік меңгерген. Дарынды бала қазір университте ақпараттық технологиялар факультетінің 3 мамандығын қатар алып жүр. Ол университетте ақпараттық жүйелер мамандығымен қоса, есептеу техникасы, автоматизация және басқару маман иесі болып шығады. Жоғарғы оқу орнын қызыл дипломға аяқтауға барын салуда. Ұстаздары сабақ кезінде де өте белсенді екенін айтады.
«Веб-бағдарламалау сабағында университеттің жүйесін жасау керек болған. Абзал командасымен жұмыс істеген кезде, өзін көшбасшы ретінде көрсете білді. Жобаның күрделі болғанына қарамастан ең маңызды бөліктерін Абзалдың өзі атқарып, қорғау барысыныда да өзін жақсы көрсетті», – дейді ҚБТУ-дың оқытушысы Бобур МУХСИНОВ.
Абзалдың алға қойған мақсаты зор. Ата-анасы баланың психологиясына ерекше көңіл бөледі екен. Арнайы жасақталған күн тәртібі бар. Кестеде уақытылы тамақ ішу мен таза ауада серуендеуге де арнайы уақыт белгіленген. Білімін шыңдап, өз мүмкіндіктерін ашу жолында бар жағдайды жасаймыз дейді әкесі.
«Үлгерімі жақсы, сессиясын жақсы аяқтап жүр. Бізді осындай жағдайлар қуантады. Оның өзінде де алға қойған мақсаттары бар. Жалпы, баламның еліміздің экономикасына, экологиясына, IT технологиясына байланысты өзіндік идеялары бар», – деді Абзал Мырзаштың әкесі Дәуренбек НЫСАНОВ.
Абзал еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбавтың кездесуінде де болды. Өткен жылдың 23 қаңтары күні «Жастар жылының» ашылуында ол өз жобасын қорғады. Оның жобасы – кирилл қарпінен латын қарпіне аударатын конвертер программа. Бұл бағдарлама арқылы кириллицадан латын графикасына қазақ қарпіне бір минутта 1200-ден астам кітап аударуға болады.
«Алдағы уақытта Қазақ-Британ техникалық университетін бітірген соң, АҚШ-тағы Массачусетс шататында магистратурасын, докторантурасын оқуды жалғастырып, ақпараттық технологиямен қатар нанотехнологияны оқып, Қазақстанның ғылымына өз үлесімді қоссам деген зор мақсатым бар», – деді ҚБТУ 3-курс студенті Абзал МЫРЗАШ.
Иә, келесі жылы оқуды бітірген соң, Америкаға отбасымен бірге көшіп баруды жоспарлап отыр. Дәл қазір шет мемлекетте тұру үшін ата-анасы мен қоса бауырлары да ағылшын тілін меңгеріп жатқан көрінеді.
Ұлағат Арғын, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы.