«Қазақстанға Ауғанстан мен Сириядан содырлар келмек болған». Республикалық телеарналарда көрсетілген Қаңтар оқиғасы туралы фильмде осындай деректер жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
22 минуттық бейнематериалда тәртіпсіздіктің экслюзивті кадрлары көрсетіліп, көпке беймәлім фактілер келтірілді. Туынды авторлары «барлық мән-жай мен деректер, құжаттар мен суреттер, мұрағаттар мен куәгерлердің жазбасы жан-жақты талданып, зерттелгенін» атап өтті. Соның негізінде дүрбелеңнің толық хронологиясы құрастырылды. «Қаңтар. Мемлекеттік төңкеріс әрекеті. Оқиға қалай өрбіді» атты деректі фильмде Жаңаөзенде басталған бейбіт наразылық акциясының қалған өңірлерде бұзақылыққа қалай айнала бастағаны, арандатушылардың басты мақсаты "мемлекеттік билікті құлату болғаны" айтылды.
Деректі фильмнен үзінді:
«Барлық дерек қастандық жасаушылар әрекетті алдын ала жоспарлағанын айқын көрсетеді. Қылмыскерлер әрекеті ұйымдастырушылар тарапынан ұдайы қадағаланып, үйлестіріліп отырды. Солардың бірі – Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман). Ол «Қазақстан» қонақүйінде жеке штабын ұйымдастырып, бандиттік топтар әрекетін үйлестіріп, қару-жарақ таратады. Оның бандасы адамдарды кепілге алып, азаптайды».
Фильмде «Сәтсіз төңкеріс жетекшілері оқиғаның үш толқынын жоспарлап, жүзеге асырды» делінген. Олардың бастапқыда бейбіт шеруді ұйымдастыруға шақырып, кейін халықты арандатып, бұзақылық пен өрт қою арқылы радикал бағытқа өткені, ал Ауғанстан мен Сириядағы бірқатар лаңкестік ұйымдардың Қазақстанға содырларын жібергісі келгені бүлікшілердің соңғы жоспары болғаны айтылған. Журналистік зерттеуде биліктің дүрбелеңге қарсы іс-қимылы мен тиісті шешімдері жайында да біраз ақпар жарияланды. Бұл деректі фильмде 2022 жылғы 1-19 қаңтар аралығындағы елдегі ахуал толық баяндалған.
Деректі фильмнен үзінді:
«Парламент Мәжілісінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды саяси және әлеуметтік экономикалық реформалар туралы айтты. Мемлекет басшысы Үкіметтің жаңа құрамы туралы Жарлыққа қол қойды. Қастандық жасаушылардың 2019 жылы мемлекеттік төңкеріс арқылы басталған реформаларды тоқтату жоспары сәтсіз аяқталды. Елді жаңғырту жалғасуда».
Оқи отырыңыз: Тоқаев: ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ