Департамент қызметкерлері 200 мыңдай жеке тұрғын үйді тексеріп шыққан
Өткен қыста Алматыда өрттен 8 адам көз жұмған. Бұл келеңсіздік қайталанбас үшін Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға екі түрлі сақтық шарасын ұсынып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірі – қауіпсіздікті күшейтіп, жер үйлердегі жылу пешін тазалау, талапқа сай жаңарту.
Екіншісі – газдың шықпауын автоматты түрде қадағалайтын арнайы құрылғы орнату. Алайда газдың шығуынан сақтандыратын арнайы құрылғының құны 60 мың теңгеге дейін барғандықтан, оны жаппай орнатуға жұрттың жағдайы келе бермейді.
Былтыр от жағатын маусымда департамент қызметкерлері 200 мыңдай жеке тұрғын үйді тексеріп шыққан. Ескертпені елемегеннің кесірінен 35 адам зардап шегіп, 334 өрт оқиғасы тіркеліпті. Мамандар тұрғын үй секторында тұратын халықтан алдағы қыс маусымына аса сақтықпен мұқият қарауды сұрайды.
«ЖПҚ-мен бірлесіп әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар есепке алынып, 140-тан астам рейд жүргізілді. ТЖД және аудан әкімдіктерімен 674 улы газ датчигі сатып алынды,оның 514-і қатты отынмен жанатын пеші бар үйлерге орнатылды», – деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Арман БАЙГЕЛОВ.