Үндістан азаматы «Алматы-Шымкент» бағытындағы әуе рейсінде шу шығарды

12.09.2019 19:36

Көлік полицейлері 38 590 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан, 4 669 мас анықталған

Масаң күйде әуе лайнеріне отырған 43 жастағы  Үндістан азаматы  жолаушылардың  мазасын  алған.  Борт  серіктерінің  ескертпесін елемеген қонаққа ақыры әкімшілік хаттама толтырылып,  полиция оны  «Эйр Астана» компаниясының әуе кемесінен  түсіріп  тастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, құқық бұзушының «орташа дәрежедегі» масаң күйде болғаны анықталды. Оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің  440-бабының 1 бөлігі, яғни, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн қорлағаны үшін  12 625 тенге  көлемінде айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін 38 590 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан, оның ішінде алкогольді ішімдік ішкен және қоғамдық орында масаң күйде  4 669 адам анықталған.