Жыл басынан бері қандас мәртебесін алғандардың 69 пайызы еңбекке жарамды
Биыл 1,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанға келген қандастардың көбі Өзбекстаннан болса, 16,3 пайызы Қытайдан екен. Сондай-ақ іргелес Ресейден де тарихи отанына оралып жатқандар көп. 15,9 пайыз көрші мемлекеттен келген.
33 жастағы Жасдәурен Нұров Ресейде туып өскен. Көрші елде мобилизация жарияланғаннан кейін тарихи отанына оралуды жөн санапты. Оның айтуынша, достарымен ақылдаса келе, жолға шығып кеткен. Қазір олар Ақтөбеде тұрып жатыр. Қызмет көрсету саласында тәжірибесі мол маман бастапқыда шетел аралап, жұмыс істесем деген жоспары болғанын айтады. Бірақ ойламаған жерден елге оралуға мәжбүр болыпты.
«Ең алдымен Қазақстанның БҚО жеттік. Алматыға да барып келдім. Бірақ туысым Ақтөбеде болған соң, осында қалуды жөн көрдім. 5 күн ішінде қандас деген мәртебе алдым», – деді қандас Жасдәурен Нұров.
Жасдәуреннің Ақтөбеге келгеніне тура бір ай болған. Мұнда да сүйікті ісін жалғастыруды ниет етіпті. Кофе әзірлеуден бөлек, жиһаз жинаумен айналысатынын жасырмады. Қиын-қыстау сәтте кеудесінен итермей, керісінше бауырына тартқан қандастарына дән риза. Оның мақсаты – Қазақстанның дамуына өз үлесін қосу.
«Жоспар көп. Құжатымды реттеген соң, осында қалғым келеді. Ақтөбе қаласы болмаса да, Қазақстанның кез келген қаласында тұрсам деймін», – деді қандас Жасдәурен Нұров.
Елімізде отанға оралған қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне материалдық көмек пен жеңілдіктер беріледі. Мамандар айтуынша, мемлекеттік органдарға уақытылы жүгіну қажет.
«ҚР заңына сәйкес, қандас мәртебесін алған азаматтар осы елде тұрақты тұруға және азаматтығын алуға құжат тапсыра алады. Ол 90 күн ішінде қаралады. Бұл құжаттың жеке төлқұжаты секілді маңызы зор», – деді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының инспекторы Мира Бүркітова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың 69 пайызы еңбекке жарамды.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысынан