Атыраудағы Жайық өзені арнасынан асып, тасып жатыр
Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғындары коммуналдық қызметтен босатылды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, азаматтар төлемдерді ыңғайлы уақытта төлей алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Су тасқынынан қатты зардап шеккен Құлсары қаласында жағдай жақсарып қалған. Бұған дейін өзге өңірлерге эвакуацияланған тұрғындар шаңырағына оралып жатыр. 2000-нан аса құлсарылыққа 370 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген. Ал кеше 100-ден астам отбасы жылжымайтын мүлікті бағалау нәтижесін алды. Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, Құлсары қаласында коммуналдық қызметтерге тарифті көтеру фактілері тіркелмеген. Халық ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал электр қуатына барлығы 2870 үй қосылған, сондай-ақ су басқан аймақтағы 3084 үй газбен жабдықталған.
– Жылыой ауданы Құлсары қаласы бойынша тұрғын үйі суға кеткен азаматтардың коммуналдық шығындары төленбейді. Яғни, наурыздағы шығындар төленеді. Егер де тұрғындар қазіргі таңда төлеуге мүмкіндік болмаса, кейіннен өтеуіне болады. Сәуір, мамыр, маусым және шілдедегі шығындар өтелмейді, – деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.
Ал Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылында кезекшілер әр 200 метр сайын бөгетті бақылауға алған. Тасқынға тосқауыл қою үшін жалпы ұзындығы 13,6 шақырым болатын бөгет салынды. Бұған қоса, аймақта Құрсай арнасы арқылы өтетін суды бұру үшін арнайы канал қазылған.
– Кезекшілер 4 сағат сайын ауысып, жағалау тәулік бойы бақыланып отыр. Ай-күні жақындап қалған аналарды қалаға жібердік. Үлкен кісілердің жартысы ағайын-туыстың үйіне кетіп жатыр. Бәріне түсіндіру жұмысы жүргізілді. Шаруаларға ірі қараларды көшіру керек екені ескертілді. Нұра ауылына 30 шақты төрт түлік көшірілді. Бақатшы да бар, – деді Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жаннат Кенжеғалиева.
Атыраудағы Жайық өзені арнасынан асып, тасып жатыр. Бүгін су деңгейі 557 сантиметрге жетті. Ағысы қатты су жағалау шетінде орналасқан қоршауды да бұзып үлгерген. Ал Махамбет пен Индер аудандарында қауіп әлі сейілген жоқ. Қазір әр учаскеге бөлінген басқарма тәулік бойы бақылау жүргізуде.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Атырау-Орал тасжолында көлік қозғалысы тоқтатылды