Павлодарда жылы орындықтар пайда болды

29.01.2019 19:35

Ертіс өңірінің тұрғындарын қатты аязда жылытуға арналған жылы орындықтар пайда болды. Бұл – креативті кәсіпкерлер жүзеге асырған пилоттық жобалардың бірі.

express-k.kz

Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлжан Апсаликова хабарлағандай, орындықтар орталық жағажайда орнатылды, деп жазады Бақ.кз. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені, Ертіс өзенінің жағажайы - адам көп жиналатын демалыс орындардың бірі.

«Алдағы уақытта жылы орындықтар жоғары сұранысқа ие болса, жоба жалғасын таба бермек. Айта кетейік, былтырғы жылы облыс орталығында алғашқы жылы аялдама кешені де ашылған еді. Тұрғындар қыста жылынып алу мүмкіндігіне ие болса, жазғы уақытта аптап ыстықтан сақтануға болады. Шағын ғимараттың ішінде ауа баптағыштар мен орындықтар орнатылған. Биылғы жылы тағы бір аялдама бой көтереді деп жоспарлануда», - дейді Гүлжан Апсаликова.

Пилоттық жобаны іске асыруға «Карбон» ғылыми-өндірістік бірлестігінің өкілдері мұрындық болған. Жоба жетекшісі Иса Когайдың айтуынша, инновациялық орындықтар канбоннан жасалған.

«Павлодар қаласында өндірістік база ашуды жоспарлаудамыз. Карбон негізінде орындықтар, аялдамалар жасамақпыз. Бір орындықтың бағасы 180 мың теңгені құрайды. Карбон өте тиімді материал, мәселен, Успен көпірінің аумағында карбон негізіндегі жылыту жүйесін іске қостық», - дейді Иса Когай.

Жоба жетекшілері енді жаңашыл орындықтар вандалдардың қолынан зардап шегіп қалмаса деп алаңдаулы.

Айта кетейік, синоптиктердің болжамынша, алдағы уақытта ауа температурасы -38-40 градусқа дейін төмендейді. Бүгін өңірдегі 355 мектепте білім беру үрдісі тоқтатылды. Яғни, 58 мыңнан астам оқушы мектепке бармайды. Бүгін сынап бағанасы -32 градусты көрсетті.

Соңғы тәулікте үсік шалған төрт азамат ауруханаға түсті. Ал қыс басталғалы бері 39 азамат қол-аяғын үсітіп алған.