Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша Алматыда 2700-ге жуық NEET санатындағы жастар 505 мың теңгеден қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін ашықан
Алматыда жас кәсіпкерлікті қолдау қалай жүзеге асуда? Бизнеске беріліп жатқан қайтарымсыз субсиядиялар нақты сол бағытта жұмсалып жатыр ма? Қаладағы қоғамдық кеңес мүшелерін алаңдатып отырған мәселе осы. Олар елде жүріп жатқан бағдарламалар шеңберінде ашылып жатқан кәсіптер мен кәсіпорындардың қаншалықты сапалы қызмет атқарып жатқандығына күмәнмен қарайтын көрінеді. Бұл түйткіл қоғамдық кеңестің кезекті талқылауына салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеңеске «Жас кәсіпкер», «Бизнес бастау» бағдарламалары бойынша оқыған жастар, тәжірибелі бизнесмендер, мемлекеттік емес ұйым мүшелері шақырылып, тыңдалым жасалды. Әр ұйым есеп беріп, жастарға әлі де қандай көмек керек, жас стартаптарды қолдауда нендей мәселелерге көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Әсіресе, жаңа бастамаларды Алматыда іске асыру керек деген ұсынысты қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.
«Мақсатымыз – жастар кәсіпкерлігін Алматыда дамыту. Бірінші кезекте Алматыда дамыту керек. Өйткені, Алматы – кіші кәсіпкерлердің орталығы. Алматының кәсіпкерлік жағынан алғанда деңгейі өте жоғары, Қазақстан бойынша Алматы бірінші орында деуге болады», – деді Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр ҚИСЫҚОВ.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазіргі таңда «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша Алматыда 2700-ге жуық NEET санатындағы жастар 2 апталық оқу курсын аяқтап, 505 мың теңгеден қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін ашыпты. Одан бөлек, «Бизнес бастау» жобасы аясында 4 мыңнан астам адам жеке ісін бастаған. Бұл мәліметтер қаншалықты рас? Әлде жай ғана бюджетті игеру үшін жасалып жатқан нәрсе ме екен? Бұл сұрақ қоғамдық кеңесте көтерілді.
«Студенттер ең көп орналасқан қалада жастар кәсіпкерлігін дамыту, қаншалықты көмек көрсетіліп жатыр? Қай деңгейде орындалып жатыр? Қаншалықты сапалы орындалып жатыр? Тек есептік көрсеткіш емес. Сонымен қатар не жетіспейді, нені жақсартуға болады, қандай кедергілер бар деген мәселені қарастыратын боламыз», – деді Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Мәди АХМЕТОВ.
Алматыда сондай-ақ, стартап жобаларды іске асыру бойынша қалалық кәсіпкерлікті қолдау басқармасы жаңашыл инновациялық бастамаларды демеуге арналған бірыңғай орталық ашқан болатын. Бүгінде өз кәсібін ашқысы келетін жастарға бұл мекеме айтарлықтай көмек көрсетіп келеді.
«Биылғы жылы үлкен іс атқарды. Оларға арналған бірыңғай орталық ашылды. Сол орталықтың жұмысы 2-3 ай көлемінде жүріп жатыр. Бір орталықтан өз ісімді бастап жүргіземін деген кәсіпкерлер керек консультацияларын, көмек, қаржы тарапынан, заң тарапынан қолдау, істі қалай жүргізуге болады деген мәселелер бойынша мемлекеттік қолдау таба алады», - деді Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Борис ЖАПАРОВ.
Кеңесте қаралған мәселелер мемлекеттік үйлестірушілерге ұсыныс ретінде қарастыруға жіберіледі. Қоғамдық кеңес мүшелері егер тыңдалым өз нәтижесін беретін болса, жас кәсіпкерлікті дамытуға қандай да сеп болатынына сенім білдірді.
Сая Меңдеке, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы.