7 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан шара Тұңғыш Президент күні аясында ұйымдастырылды. Биыл алғаш рет форумға қатысушы студенттер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы парасаттылықты қалыптастыру туралы тақырыпта өз жұмыстарын ұсынды. Одан бөлек, инновациялық жоба, эссе, поэзиялық шығарма, патриоттық әндер байқауы бойынша бақ сынауда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жобаға 40-қа жуық жұмыс түсті. Бүгін соның авторларымен кездесеміз. Сосын күні бойы солардың ішінен іріктеп, жүлделі орындарды анықтаймыз», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі республикалық «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан ТОҚЫШЕВ.
«Бүгінгі байқауда форумның өзінің аты айтып тұрғандай «Мен жастарға сенемін» атты өлеңімді жазып, студенттер және көрермендерге тарту еттім. Өлеңді Адам атамен Хауа анадан бастап, дініміз жайлы, тіліміз, салт-дәстүрімізбен жалғастырдым, соңында осының барлығы бүгінгі жастардың қолында екендігін көтердім», – дейді студент Айханым АЙТАҚЫН.
Жүзден жүйрік шыққандар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бір жылдық оқу грантына ие болады. Байқау жеңімпаздарының есімі ертең жарияланады.