|
12.01.2023 | 14:36
2889

Алматылықтар Дінмұхамед Қонаевты еске алды

Бүгін - дипломат әрі академик Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні

Алматылықтар Дінмұхамед Қонаевты еске алды ашық дереккөзден

Бүгін - мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат әрі академик Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні. Ол 1912 жылдың 12 қаңтарында Алматыда дүниеге келген, деп хабарлайды Almaty.tv 

Биыл Қазақстанның көрнекті саясаткерінің туғанына 111 жыл толып отыр. Атаулы күнде жиналғандар қоғам қайраткерін еске алып, оның рухына құран бағыштады. Еліміздің күзет қызметінің сарбаздары Дінмұхамед Ахметұлының бьюстіне гүл шоғын қойып, көгершіндерді көкке ұшырды. Сондай-ақ көзін көрген әріптесі ыстық естеліктерін бөлісті.

«1986 жылға дейін қаншама уақыт Дінмұхамед Ахметұлымен бірге жұмыс істедік. Ол кісіні ешкіммен салыстыруға келмейді. Оның есімі қасиетті дер едім. Ондай биік тұлғаны ерекше құрметтеп, бағалау керек. Еліміздегі бір қалаға Қонаев есімі берілгеніне шын қуаныштымын. Ол кісі тамаша басшы еді. Өзі басшы бола тұра, барлығымызды ешқашан бөліп жарған емес. Сондай қарапайым, өте мейірімді азамат болатын», – деді Социалистік Еңбек ері Вера Сидорова

2022 Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арналған жыл болды. Бұл туралы Қонаев қорының президенті Елдар Қонаев айтты.

«Димаш Ахметұлының ардақты есімі ел есінен ешқашан өшпек емес. Өйткені былтыр жыл бойы Талдықорған, Шымкент, Түркістан, Текелі, Тараз, Бақанаста түрлі іс-шара өткіздік. Мұндағы мақсат - оның ерен еңбегі мен ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеу. Мәселен, Тараз қаласында және Бақанас елдімекенінде Дінмұхамед Ахметұлының ескерткіші орнатылды. Мұның өзі халықтың ыстық ықыласының көрінісі деуге болад», – деді Д. Қонаев атындағы қордың президенті Елдар Қонаев

Алматыда заңғар тұлғаға арналған мұражай үй бар. Өткен күндерді сөйлетіп тұрған мәдениет ошағында 8 мыңнан астам жәдігер сақталған. Мемлекет қайраткерін еске алуға келгендер дәл осы музейге де ат басын бұрып, экскурсия жасады. Мұражай үй 2002 жылы ашылған. Экспонаттар соңғы рет 2007 жылы жаңартылыпты. Былтыр қалалық әкімдіктің қолдауымен күрделі жөндеу жүргізілген. Көрмені мүмкіндігі шектеулі жандардың да тамашалай алуы үшін жеделсаты орнатылыпты.

2022 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы Қонаев болып өзгерді.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшамаудан ашылды. Мектеп пен балабақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін ашты. Республика Сарайы, Спорт және мәдениет сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.

Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир