Жетісу облысында мал басын көбейтіп, жеке іс бастағандар артқан. Олар ел аумағында былтыр басталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айдын Қасенов – Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны. Шағын кәсібі бар. Бағдарлама жайлы естіп, бірден құжат жинауға кіріскен. Мүмкіндікті ұтымды пайдаланамын деп ниеттенген ол баспанасын кепілдікке қойып, жеңілдетілген пайызбен несие алған. Көп ұзамай шотына 8 млн 600 мың теңге түскен.
– Кафеге керекті заттарды тасу үшін көлік алдым. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5 жылға 2,5 пайызбен несие алдық. Өте ыңғайлы, – деді облыс тұрғыны Айдын Қасенов.
Айдын Қасенов секілді отбасылық кәсібін кеңейтпек болған жанның бірі – Сәуле Азат. 2011 жылы Атамекенге қоныс аударған. Бүгінде оның шағын дәмханасы бар. Былтыр 2,5 пайыздық несиеге өтінім қалдырған азамат бекітілген қаражатқа 20 бас ірі қара алып, бордақылап отыр.
– Ауылда қанша адам жұмыссыз жүр. Бір ай болды несие алдым. Бағдарламаның пайдасы көп, пайызы да аз, тиімді, – деді облыс тұрғыны Сәуле Азат.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында былтыр облысқа 3,2 млрд теңге бөлінген. 535 жанның өтінші мақұлданып, жаңадан 617 жұмыс орны құрылды.
Айта кетейік, бағдарлама Президент пәрменімен 2019 жылы пилоттық режимде іске асқан. Былтырдан бері барлық облыс тұрғындарының қатысуға мүмкіндігі бар.
Оқи отырыңыз:Мобильді аударымдарға қатысты мәселе қайта қаралады