|
03.01.2024 | 15:34
1210

Мемлекеттік бағдарлама: қала тұрғындары салынған үйдің сапасына шағымданды

Қолданысқа былтыр өткен пәтерлердің қабырғасына жарық түсіп, төбесінен су сорғалап тұр

Мемлекеттік бағдарлама: қала тұрғындары салынған үйдің сапасына шағымданды Almaty.tv

«Үйімізді жылыта алмай отырмыз». Петропавлда мемлекеттік бағдарламамен мүгедектігі бар, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілген баспананың сапасы сын көтермейді. Қолданысқа былтыр өткен пәтерлердің қабырғасына жарық түсіп, төбесінен су сорғалап тұр. Ол аздай, жаңа үйге ыстық суды жарытып бермейтін көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Анастасия Кормина 13 жыл бойы «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрып, жақында баспаналы болды. Келіншек қарашада пәтер кілтін алып, төбесі көкке жеткен еді. Алайда қуанышы көпке созылмады. Мүгедектігі бар 6 жастағы баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана жаңа үйде жылу жоқ, ал ыстық судың тіпті 3 айлап келмейтінін айтып, жыларман болды.

«Әкімдікке бірнеше рет жүгіндік, шағымдарымызды жаздық. Комиссия тексеріс жүргізгендей болды, бірақ еш өзгеріс жоқ, жылуға жарымай отырмыз. Кей пәтерлер қыс бойы бүрсеңдеп, жылу көрмеді. Су мәселесі де бар, төбеміздегі көршілерде ыстық су жиі өшеді. Кейбірінде мүлдем жоқ», – деді қала тұрғыны Анастасия Кормина.

Сырты бүтін, іші түтін болып шыққан баспананың қабырғасы жұқа, шатырынан су кетеді екен. Сапасыз құрылыстың зардабын тартып отырған халық барарға жер таппай, сыз басқан үйді паналауға мәжбүр.

«Күнкөрісіміз қиындап кетті. Не деген сұмдық бұл?! Менің кішкентай балам бар. Оларға ерекше күтім қажет, шомылдыру үшін бірталай уақыт күтіп, судың суып қалмауын қадағалаймыз да отырамыз. Тіршілік көзіне жарымаймыз», – деді  қала тұрғыны Олег Салов.

«Бақытты Отбасы» бағдарламасы арқылы пәтерді көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі жан тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар ала алады. Кей тұрғындар бұл жоба бойынша төмендетілген мөлшерлемемен қымбат пәтерге де ие болды. Ал туындаған түйткілге қатысты арнайы комиссия құрылып, қажетті тексерулер жүргізілмек. Шенеуніктер тұрғындардың уәжіне құлақ түріп, мәселені шешуге уәде берді.

«Бұл үйлер енді берілген, сондықтан да мердігер тарапынан гарантиялық мерзімі бар. Сондай-ақ олар үйге қатысты барлық мәселені өз қаражатынан жөндейтін болады», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтқұлова.

Қабырғасы қақыраған тұрғын үйде 144 пәтер бар. Петропавл әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, шатырдан су сорғалаған баспананың барлық кемшілігіне мердігер компания жауапты. Олар құжат бойынша халыққа келтірген залалдың бәрін өтеп шығуы тиіс.

Әйкерім Пернебек, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда «Етік киген мысық» ертегісінің қойылымы көрсетіліп жатыр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир