Еліміздегі кәсіпорындар 30 мыңнан аса маманға мұқтаж. Бұл сұранысты анықтау үшін жүргізілген сауалнама нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған 50 мыңнан аса мекеме қатысқан. Қажеттілікті қамтамасыз ету үшін Ұлттық палата кәсіпорындар мен колледждердің күшін біріктірмек. Бастама аясында дуалды оқыту шарттары жасалып, таңдап алынған мекемелердің тәлімгерлері оқытылады. Қазірдің өзінде 496 білім беру мекемесі мен 7 мыңнан астам кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. Ал 583 оқу ордасы жұмыссыздарды кәсіптік оқытумен қамтамасыз етпек.
– Колледждер жұмысшы мамандықтарын тегін оқытады. Үш жыл ішінде кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайды. Егер колледждерге бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданып келсе, осы жылы олардың саны 142,5 мыңға дейін жетті. Биыл колледж студенттерінің стипендиялары 50 пайызға өсті. «Жас маман» жобасын іске асыру аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінді, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Елде кәсіптік білім беру ұйымдарын теңестіретін бағалау жүйесі әзірленді. Халықаралық стандартқа сай негізделген бастама колледж студенттерінің білімін арттыруға бағытталған. Мамандық бойынша жұмысқа тұруға да басымдық беріледі. Жаңа жүйені Үкімет отырысында еліміздің бас мұғалімі таныстырды. Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бұл әдісі оқу ордаларындағы қызметтің барлық параметрін бағалауға жол ашады. Колледждердегі оқуға құлықсыз жастардың қатарын азайтуға да сеп болмақ.
– Жүйесі техникалық және кәсіптік білім ұйымдарындағы қызметтің барлық параметрін бағалауға жол ашады. Бағалау жүйесін қолдану 4 топқа, яғни 4 лигаға бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ретте бірінші және екінші лигаға жатқызылған колледждер алғашқы 100 технологиялық көшбасшыны қалыптастырады. Олар басқа колледждер үшін Ресурстық тірек орталықтарын құрайтын болады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Оқи отырыңыз: Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді