Президент Қостанай облысында қандай нысандарды аралады

Акорда
Акорда
Мемлекет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Президент алдымен өңірдің индустриалды аймағында орналасқан шойын құю зауытын аралап, кәсіпорынның жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы жұмыс сапарын «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын құю зауытын аралаудан бастады. Заманауи талапқа сай келетін кәсіпорында бүгінде күрделі операцияларды орындайтын 30 робот бар. Сондай-ақ президент зауытта еңбек ететін жастармен тілдесіп, оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін айтты. Мемлекет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетімен де танысып, «Надеждинка» жауапкершілігі серіктестігінің егіс алқабын аралап көрді.

– Өз жеріне жылына тек 2-3 рет келетін, табыс жинап, Алматыда немесе шет мемлекеттерде тұратын меншік иелері керек емес. Неге десеңіз, қожайындар алдымен жерге, ауыл тұрғындарына қамқорлық танытып, жұмыспен қамтып, әлеуетін арттыруы керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ел президенті егінді уақытылы жинауға, аграрлық салаға жаңа технологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға қатысты да пікір білдірді. Ал Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов биыл диқандардың 5 миллион гектарға егін еккенін айтып, машина-трактор паркін жаңарту арқылы егін шаруашылығының өнімділігін арттыру жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ мал шаруашылығына арналған 44 кешен және 2 ірі құс фабрикасы салынатыны сөз болды.

– Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында соңғы 3 жылда мал басын 3 есеге арттырдық. Қазіргі таңда 1500 бас ірі қара мал өсіріп отырмыз. Кәсіпорында тұрақты 25 жұмыс орны ашылды. Маусымдық жұмыстарға 25-30 адамды аламыз. Кәсіпорынды дамыту мақсатында өз қаражатымызға жергілікті жастарды оқытып, білім алып, қайтадан туған еліне қызмет етуіне кепілдік ұсыныс айттық, – деді «Сыма-К» шаруа қожалығының директоры Манат Карбозов.

Сондай-ақ кездесуде облыстағы сүт және ет өндірісін 1,4 есеге, ал құс етін өндіруді 5 есе көбейту жоспарланғаны сөз болды. Ал «Баян сұлу» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ерік Балапанов биоэтанол өндірісін кеңейтіп, шетел нарығына шығу көзделгенін жеткізді.

– Қазақстандық биоэтанолды бүгінде Ұлыбритания және Голландияға жеткіземіз. Жақында жаңа зауыттың құрылысын бастауды мақсат етіп отырмыз. Жоба құны 140 миллион долларға бағаланды, – деді «Баян сұлу» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ерік Балапанов.

Мемлекет басшысы жыл басынан бері мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарған «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының Локализация орталығының жұмысымен танысып, балаларға арналған IQostanay smart орталығын, Қостанай қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді.

Рүстем Айткәрім, Алмат Ілисов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды

Новости партнеров