6 шілде Астана күні. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қояды. 2006 жылы Парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды. Сол уақыттан бері әр жыл сайын 6 шілде Қазақстанда мемлекеттік мереке саналып, Астана күні тойланады. Аталған мейрамды тәуелсіздік құрдастары қалай атап өтетінін Almaty.tv тілшісі баяндайды.
Медицина ғылымдарының магистрі, хирург, онколог, маммолог дәрігер Мадияр Өмірбаев өз қызметін адалдықпен атқарып жүрген тәжірибелі мамандардың бірі. Бүгінгі күні Талдықорған қаласындағы облыстық көпсалалы клиниканың директорының міндетін атқарушысы болып жұмыс істейді. Мадияр Өмірбаев Астана күнін әріптестерін осынау мерекемен құттықтаудан басталатын айтады.
«Тәуелсіз мемлекетіміздің жас елордасының туған күні –Астана күні мен үшін ерекше атап өтілетін мейрам. Еркіндігіміздің символы, халқымыздың мақтана көрсете алатын жетістіктерінің бірі Нұр-Сұлтан қаласы аз уақыт ішінде тұғыры биік, әсем қалалар қатарынан көріне білді. Ең алдымен бұл мейрамда жұмыс істеп жатқан ұжымымда, марапатқа ие барлық ақ халатты абзал жандарды құттықтаймыз. Өз атымнан қазақстандықтарға баянды өмір, зор денсаулық, қажымас қайрат, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілеймін. Сүйікті қаламыз – ару астанамыз көркейе берсін!» – деді М. Өмірбаев.
Аудармашы, үш баланың анасы Ботагөз Бауыржанқызы Астана күнін отбасымен атап өтетінін айтады.
«Астана күні жалпыхалықтық мейрамға айналды. Мемлекеттік мереке мәртебесі берілгеннен кейін, демалыста балалармен, отбасымызбен қаладағы мерекелік шараларға қатысамыз. Алматының барлық аудандарында түрлі шара болып жатады. Концерттер, ойындар деген сияқты. Әрине, Астана күнін тиісті дәрежеде тойлау керекпіз деп ойлаймын. Себебі, ол - тәуелсіздігіміздің тұғыры. Ата-бабаларымыз жылдыр бойы аңсап жеткен қастерлі мереке. Сондықтан балаларымызға барынша осынау мерекені бойыңа сіңіруге тырысып жатырмыз. Келе жатқан мейрам барша қазақстандыққа құтты болсын!» – деді Б. Бауыржанқызы.
Ал педагог, биология пәнінің мұғалімі Жазира Қайратқызы Астана күнін асыға күтетінін айтады.
«Елордаға алғаш университет қабырғасында жүргенде барғанбын. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы адам танымастай өзгерді. Ғимараттар бой көтеріп, астанамыздың әсемдігін айшықтай түскен. Астана күні тек елордалықтардың ғана, барша қазақтың мерекесі. Дәулеті мен сәулеті жарасқан астанамызды мерекесімен құттықтағым келеді. Нұр-Сұлтан қаласы Тәуелсіздігіміздің айнасы іспетті. Жыл сайын 6 шілде күні орталық алаңға барып, мерекелік концерттерді тамашалау дәстүрге айналды. Барлығымыз асыға күтетін мерекелердің бірі деп есептеймін. Балаларға да осы мерекенің маңыздылығын түсіндіреміз. Елдің жүрегі саналатын Астана көркейе берсін», – деді Ж. Қайратқызы.