Сарапшылар жаңа жылды классикалық көк, метал және ақ түсті киімде қарсы алуға кеңес береді
Бірер сағаттан соң сағат тілі 12-ні соғып, Жаңа 2020 жыл басталады. Доңыз жылын артқа тастап, жыл басы саналатын Тышқан жылына аяқ басамыз. Жалпы қазақ халқы тышқан береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған. Себебі, Тышқан жылы тарихта аштықсыз, жаугершіліксіз және қиындықсыз өткені белгілі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақша мүшелдік жыл санау Тышқан жылынан бастау алады. Одан ары қарай кезекпен сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз келіп отырады. Жыл аттары не себепті жануарлардың атымен аталатыны және жыл басы неге тышқаннан басталатыны туралы халық арасында аңыз-ертегі бар. Оған сенсек, он екі жануар жыл басы болуға таласыпты. Сонда тышқан барлығын шаң қаптырып, түйенің жотасынан күннің көзін бірінші көрген екен.
Тышқан жылы дастарханда көбірек жеміс-жидек, көкөніс және түрлі жарма болғаны дұрыс дейді мамандар. Себебі, кеміргіштер оларды сүйіп жейді. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын бастауға қолайлы жыл. Ал тышқанды үйде асырығасы келетіндер үшін зоодүкен сатушысы бірер кеңес айтты.
«Олар сабырлы, өте мейірімді, досшыл. Әсіресе балаларды ерекше жақсы көреді. Егер оларды туа сала қолға үйретсе, онда ол үй жануарындай болады. Оларды жертөледе жүріп, кез келген затты кеміріп тастайды деу қате пікір. Бұл тышқандардың декоративті түрі. Кең жерді ұнатады. Тор ішінің үлкен болғанын қалайды», – дейді зоодүкен сатушысы Елена БУРЛАКОВА.
Тышқандардың сүйікті ойыншығы - доп. Демек, жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде домалақ шардың көп болғаны жақсы. Нумерологтар бастысы мереке қарсаңында келесі жылдың жайлы болуын іштей тілеу керек дейді. Айсұлу Ахимова тышқан жылында баршаны денсаулыққа көңіл бөлуге шақырады. Көбірек спортпен айналысуды қолға алу қажет.
«Көптен бері спортпен айналысуды көздеп, бірақ кейінге қалдыра берсеңіз жылдың жоспарын содан бастаңыз. Бұл маңызды. Балаларды міндетті түрде спортқа және шахматқа беру керек. Егер өткен жылдары біз интуицияға ерік берсек, биыл ақыл ойдың жылы. Тышқан жылында шахмат ойыны сияқты әр қадамды аңдып басып, оңы мен терісін анықтау керек», – дейді психолог, нумеролог Айсұлу АХИМОВА.
Жаңа жылда жақындарыңызға сыйлық сыйлауда оның бағасына емес, қажеттілігіне мән беріңіз! Себебі, тышқандар табиғатынан жемін тірнектеп жинайтындықтан, ысырапшылықты ұнатпайды. Ал жұлдызнамашылар келе жатқан жылға қандай жорамал жасап отыр.
«Биыл көп отбасыларды жақсылық күтеді. Әрбір құрылатын жанұяның қатары артып, мүшелері толығады. Өйткені, бұл оттың элементі, махаббаттың белгісі. 2020-сыншы жылы жер және суға тән жұлдыз белгілеріне сәттілік әкеледі. Тауешкі, торпақ және бикеш белгілеріне жақсы жыл болады», – дейді жұлдызнамашы Юлия КАЦМАН.
Сарапшылар жаңа жылды классикалық көк, метал және ақ түсті киімде қарсы алуға кеңес береді. Ең маңыздысы әр мерекеде жақындарыңыз қасыңыздан табылып, көтеріңкі көңіл күй болсын! Жаңа жыл жақсылығымен келсін!
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы