Қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себебі анықталуда
Қарағанды облысына қарасты Балқаш қаласында екі қабатты үй өртеніп, 48 адам далада қалды, деп хбарлайды Аlmaty.tv.
Тілсіз жау таңғы сағат төрт шамасында тұтанған. Абырой болғанда, өртті байқап қалғандар көршілерін оятып, бәрі далаға шығып үлгерген. Зардап шеккендер жоқ. Ал ырық бермей кеткен жалынмен өрт сөндірушілер екі сағат арпалысқан. Алайда апат салдарынан баспананың 700 шаршы метрі күлге айналды. Қала билігі ендігіде азаматтарды мемлекет меншігінде тұрған үйлерге жалдамалы жүйе бойынша қоныстандырамыз деп отыр. Жергілікті билік барлық тұрғынға бірінші медициналық көмек көрсетілгенін мәлімдеді.
Ал шаһардың кәсіпкерлері мен еріктілері тиісті қор құрып, қолдау көрсетуді бастап кеткен.
- Үйдің 48 тұрғыны сол түні Балқаш қаласының мектеп-интернатына орналастырылды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себебі анықталуда, - дейді Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Құрмет Жұмекенов.