Оңтайлы тәсіл: қызылордалық шаруалар алқап суғаратын жаңа технологияны меңгеріп жатыр

06.08.2024 20:09

Тың жоба өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді

elements.envato.com

Қызылордалық шаруалар күріш алқаптарын суарудың тың тәсілін тәжірибеден өткізіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тіршілік нәрін тиімді пайдалану үшін бұған дейін су арнасына орнатылған құрылғы өз нәтижесін көрсете бастаған. Автоматтандырылған жүйе бір жыл ішінде 10 мың текше метр суды үнемдеуге сеп болды дейді мамандар.

Австралиялық компанияның автоматтандырылған жүйесі атыздарға суды теңдей бөледі. Сондай-ақ құрылғы егістік алқабына жеткізілген суды автоматты түрде есепке алады екен. Қазір бұл пилоттық жоба Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығында сыналып жатыр. Егістікке екі жыл бұрын орналастырылған автоматты жүйе былтыр су шығынын өлшеуге ғана қолданылса, биыл суару арқылы өнімділікті арттыруға мүмкіндік берген.

- Биыл біз автоматтандырылған жүйені орнаттық. Күріш түсімінің болжамы бойынша биыл 1 гектарына 17 мың текше болып тұр. Ол дегеніміз, гектарына 10 мың текше су үнемделеді. Бұл арнайы бағдарламамен жұмыс істейді. Онда 1 ай, 10 күн мерзім жүйесіне қойып қоямыз. Сосын құрылғы автоматты түрде жұмыс істеп тұрады, - дейді компания өкілі Ержан Төлегенов.

Мамандар жаңашыл жобаның тиімділігін одан әрі арттырмақ ниетте. Яғни, олар Шіркейлі каналының арнасын автоматтандыруды қолға алмақ. Ол үшін Су ресурстары және ирригация министрлігімен келісімге де келіпті.

- Шіркейлі каналы Қазақстан бойынша ең үлкен канал болып саналады. Ол Қызылорда облысының күрішінің 60% сумен қамтамасыз етеді. Оның әрбір жылғы тұтыну көрсеткіші 2 млрд текшеге дейін барады. Біз сол каналды автоматтандырсақ, Шіркейліден алатын күрішшілерге пайдасы тиеді, - дейді компания өкілі Ержан Төлегенов.

- Бүгін біз көрген құрылғы - осы тіршілік нәрін үнемдеудің ең оңтайлы тәсілі. Құрылғы толығымен жаңа технологиялармен жұмыс істейді. Артық жарық пен энергияны да қажет етпейді. Ал біздің министрлік үшін мұндай құрылғылардың болғаны маңызды, - деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Әбдірайымов.

Айта кетейік, қазір аймақта су тапшылығына байланысты суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу -  басты назарда. Жалпы, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, алдағы бес жылда елімізде 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр. Су арналарын цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыруға да басымдық берілмек. Бұл жұмыстар су шығынын төмендетумен бірге, қолда бар су ресурстарының көлемін ұлғайтуға сеп болады.

Асқар Сәрсенұлы, Т.Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз:Қарағандылықтар сусыз және жарықсыз қалды