Үкімет басшысы жиын-терін науқанын айдың соңына дейін аяқтауды тапсырды
Шығынға батқан шаруалар шырылы әлі басылған жоқ. Елдің көп бөлігінде егінге орақ салар тұста диқандар екі апта жауыннан көз ашпады. «Астығымыз судың астында қалды» деген диқандар дабылы Ауыл шаруашылығы министріне әлі жетпеген көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айдарбек Сапаров бүгін Үкімет отырысында «астық егетін аймақтарда жағдай ойдағыдай» деп есеп берді. Республика бойынша дәнді дақылдың 60 пайызы қамбаға бастырылған. Биыл дәнді және дәнді бұршақты дақылдар жиналатын алаң 17,3 млн гектар. Орташа өнімділік гектарынан 9,5 центнер түскен. Бұл ретте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жиын-терін науқанын айдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар астық таситын вагондармен уақытылы қамтамасыз етіп, теміржолдағы ұзын-сонар кезекті болдырмауды талап етті.
– Егін орағының нағыз қызған тұсында жұмыс қарқынын аттыра түсу қажет. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы мерзім ішінде барынша үлгеру керек. Еліміздің солтүстік өңірдегі ауа райының қолайсыздығына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажетті көмекті көрсетуді тапсырды, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Оқи отырыңыз: Ұлы дала жорығы: Маңғыстау облысының шабандозы рекорд орнатты