Мемлекет басшысы елді вакцинацияны қолдауға шақырды

18.03.2021 19:38

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді

Акорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді. Онлайн форматта өткен жиын барысында елді вакцинацияны қолдауға шақырды. Коронавирусты тек жаппай иммунитет арқылы ғана жеңе аламыз деді. Қажет болса қосымша вакцина да сатып алынбақ. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Онлайн өткен отырысқа еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин, министрліктердің басшылары мен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Ең алдымен ел Президенті 30 жыл ішінде қол жеткізілген табыстар Алматымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Тәуелсіздігіміз Алматыда жарияланды. Сондықтан бұл шаhардың тарихи рөлі  айрықша. Қазір Алматы  экономикамыздың басты қозғаушы күші. Сонымен бірге, мұнда бизнес саласы жақсы дамыған», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтыр қаңтар айынан бері Алматының экономикасы екі ай қатарынан белгіленген межеден асып, 97 пайызды көрсеткен. Бұл ретте Мемлекет басшысы бизнеспен «кері байланыс» орнатудың жолын табу қажет деді. Бұдан бөлек шетелдік инвестицияларды қорғау мәселесі қаузалды. Жалпы қалаға инвестиция тарту 20,5 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы халықты вакцинация жасауға шақырды. Президенттің сөзінше, қазір 19 мыңнан астам адам вакцина алған. Бірақ бұл жаппай иммунитет қалыптастыруға жеткіліксіз. Жоспар бойынша 6 миллионнан астам адамға екпе салу көзделген.

«Мен тағы да отандастарымызды сабыр сақтауға, барлық санитарлық нормаларды қатаң ұстануға, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырамын. Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакцинация жүргізуге дайын болуы керек. Вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында мемлекет басшысы «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысына ерекше назар аударды. Осыған орай Алматы мен Алматы облысы әкімдеріне «Райымбек-Алматы» учаскесіндегі жол құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

«Бұл, әсіресе, қала іргесіндегі елдімекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы - Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, жиында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысына шаһарға қатысты бірнеше бастама айтып, ұсыныс жасады. Әкім «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңды күшейту арқылы қаланың көптеген мәселелерін шешуге болатынын тілге тиек етті.

«Жалпы бір жарым жылда жаңадан 450 автобус сатып алынды. Биыл тағы 300 автобус пен 100 троллейбус сатып алынады. Сондай-ақ, 57 бағыт бойынша 300 қоғамдық көлік Талғар, Қаскелең сияқты қалаларға қатынайды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Тағы бір маңызды бастама – «Агломерациялар туралы» жеке заң қабылдау. Сөз соңында әкімдікке бірқатар тапсырмалар жүктеліп, олар Президент Әкімшілігінің бақылауында болмақ.

Назкен Еркін, Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің көмегімен