Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округінің тұрғындары жолды жауып тастамақ. Олар талай жылдан бері өркениеттен шет қалдық деп отыр. Ашынған жұрт су, жарық және газсыз күн кешіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жол азабын да тартып келеді. Қараусыз қалған халық жергілікті билік тарапынан қайыр болмай отырғанын айтады.
«Жарықты әркім өз қалтасынан ақша жинап, өздері бағандарды қойып, трансформатор сатып алып соған жалғанып отыр. Жол да жоқ, жарық та жоқ. Газ да жоқ. Суымыз ол жоқ. Орталықтандырылған желіден су келген жоқ. бәріміз есіктің алдынан суды қазып алып, солай пайдаланып отырмыз», – деді Бегайм БИСЕНБЕКОВА.
«Біздің мектеп пен үйдің аралығы 2 шақырым жер. Біз соған балаларды жаяу апарамыз. Жазда топырақ болады. Күзде жаңбыр, батпақ болады. Қыста қар болады. Әкімдік бізге соны жөндеп берсін», – деді Нұргүл ШАБАЛОВА.
Оншақты жылдан бері проблемалары шешілмей келе жатқан халық жолдың қауіпті екенін ескеретін белгілерді ғана қоюмен шектелген жергілікті билікке өкпелі. Ал арнамыздың тілшілері осы мәселеге қатысты аудан әкімдігіне хабарласқанмен, жауаптылар үш күннен бері жалтарып, түрлі сылтаулар айтып келеді.