Әуезов ауданы әкімі тұрғындарға іске асырылған шаралар бойынша есеп берді

06.02.2020 19:40

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың дені балалар алаңқайы мен олардың қауіпсіздігі жайында болды

«Көш жүре түзеледі». Қаланың даму қарқыны жоспардағыдай жүзеге асып келеді. Бұған әр ауданда өтіп жатқан әкімдердің есебі дәлел. Тұрғындармен өткен кезекті кездесуде Әуезов ауданының әкімі әлі де болса шешілмей жатқан түйткілді мәселелерді өзіне түртіп, атқарылған жұмыстардың қорытындысымен бөлісті. Жиынға шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев та қатысып, кейбір мәселелер кездесу аясында шешімін тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Әуезов ауданының әкімі алдымен атқарылған жұмыстардың есебін берді. Өткен жылы «Таугүл-3» ықшамауданыныда 22 шақырым су мен кәріз құбырлары тартылыпты. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан көп шағым түскен тас қараңғы көшелерге жарық шамдары орнатылған.  

«Жарық жүйесіне келетін болсақ, өткен жылы ауданымызда 15 шақырымдық 470 жарық жүйесі орнатылған болатын. Бүгінгі күні «Достық» шағынауданында жұмыстар әлі жалғасуда. 1137 жарық нүктесі қойылып, жалпы ұзындығы 33 шақырым құрайтын «Достық» ықшамауданы жарықпен қамтамасыз етілген болатын»,  – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың дені балалар алаңқайы мен олардың қауіпсіздігі жайында болды. Сондай-ақ, ауданда отырғыштар мен саябақтардың жетіспейтіндігі де айтылды. Қала әкімі бұл мәселелер «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша жүзеге асырылатынын жеткізді. Бұған аудан бюджетінен 500 миллион теңге бөлінген. Аталған бастамаға кез келген тұрғын ұсыныс айтып, қатыса алады.  

«Аталған 500 миллион теңгенің 223-і ғана игеріліп отыр. Бұл 50 пайыздан төмен. Қазір мына кісі бізге саябақ қажет дейді. Ал сіз жобалаймыз дейсіз. Бөлінген қаржыны тиімді пайдалану керек қой», – деді алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығы ескерусіз қалмады. Аудан әкімі кейбір мәселелерді өзі жеке қарап, шешім қабылдауға уәде берді. Ал, сұрақ қойып үлгермегендерді Сайран Сайфеденов жиын соңында жеке қабылдады.

Қуан Нұрақын, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы