Олардың басы жарылып, қолы сынып, музей маңайында құлап жатқан
5 қаңтарда Алматыдағы Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейіне бүлікшілер шабуыл жасаған. Сол сәтте музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы жұмыс орнында болды. Ол бес сағаттан аса қанды қол бүлікшілермен бетпе-бет тұрып сөйлесуіне тура келгенін айтады. Нәтижесінде, арам пиғылды лаңкестердің музейдегі тарихи құнды жәдігерлерді қолды қылуынан аман алып қалуға қол жеткізген. Бүгін аталған оқиға қалай өрбігені және басқа да сауалдар төңірегінде кейіпкер айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
«Алтын адам» мен өзге де алтыннан жасалған бұйымдарды талап етті
– Алдымен оқиға жайлы айтпас бұрын оқырмандарға өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Жалпы, бұл музейде қашаннан бері жұмыс істейсіз?
– Осы Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейде 2003 жылдан бері қызмет етемін. Мамандығым – тарихшы. Музейдегі алғашқы еңбек жолымды қатардағы ғылыми қызметкер болып бастадым. 2013 жылдан бері музей директорының менеджменттік маркетинг жөніндегі орынбасары қызметіндемін.
– Шабуылшылардың сіздің мекемеге келе жатқанын қайдан естідіңіз?
– Біз сол күні орталық алаңда жаппай тәртіпсіздіктер болып жатқан соң музейдің негізгі есігін жауып тастап отырғанбыз. Өзім бейнекамера арқылы монитордан бақылап отырдым. Сол уақытта музейге таяу орналасқан жердегі ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп жатқанын көрдім. Бір кезде сағат 15.30 шамасында бүлікшілер арасынан бір топ адам Назарбаев көшесімен өрлеп, біздің музейге қарай келе жатқанын байқадым. Десе де, сол сәтте ішімде «дәл бізге келе қоймас» деген бір үміт те болды. Өкінішке қарай, ол үмітім ақталмады. Сағат 16.00 шамасында бір топ адам мекеменің артқы жақтағы есігін сындырып ішке кірді. Шамамен – 200-дей адам.
– Олар кірген бетте нені талап етті?
– Лаңкестер музейге кірген бетте «Алтын адамды» және өзге де музейдегі алтын жәдігер заттардың қайда тұрғанын сұрады.
Жүгіріп алдарынан шығып, бар даусыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтіндім. Тұрғандардың барлығы – дерлік жастар. Олар менің сөзіме тоқтамай, ғимараттағы электронды құрылғыларды қирата бастады. Арасында біреулері менің сөздерімді естіп, қалғанына тоқтау салғандай болды.
Оларға «Бұл заттардың барлығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, біздің тарихымызда ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге керек болады ғой» деген сөзім есімде.
Олар менен бірден «Алтын адамның» түпнұсқасы қайда?», «Алтын заттар қайда тұр?», «Қылыштар бар ма?» деп сұрай бастады. «Алтын адамның» түпнұсқасының бізде емес екенін айттым. Бұл уақытта музей залдарында негізгі жарық емес, кезекші жарық шамдары жанып тұрған. Соның көмегі тиді ме деп ойлаймын, кейбір заттар қараңғыда анық көздеріне түсе қоймады-ау деймін.
Сол сәтте музей туралы, музейдің қазір және болашақта не үшін керек екенін тоқтамай айта беріппін. Араларына кіріп, бірде ортасына шығып, барынша сөздеріме иландыруға тырыстым.
Тіпті, арасында тұрған біреуі мені «өлтіріп кетейік» деп, жан-жағындағыларға айтқан көрінеді. Мен мұны естімедім. Ол сөзді менімен бірге тұрған музей қызметкерлері естіпті. Бір кезде арасындағы 20 шақтысы намаздарын оқуға кірісті. Сол кезде музейде тыныштық орнады. Құлшылықтарын жасаған соң барлығы сөзге тоқтай бастағандай болды. Арасындағы біреуіне бағына бастады.
Шамамен 5 сағаттай уақыт өткен соң сырттан қара пальто киген екі жігіт келді. Жақсы киінген, түзу адамдар сияқты көрінді.
Жараланған 15 сарбазды жертөледе тығып отырдық
– Олармен әңгіме қанша уақытқа созылды? Келгендер музейден қалай және қай уақытта шығып кетті?
– Артынан келген екі адам топты басқарып жүргендермен сөйлесіп, Алматы әуежайына баратындарын, біраз уақыттан соң қайтып келетінін және музей ғимаратын өздеріне штаб қылатындарын айтты. Біз үнсіз бас изеп, не де болса олардың тезірек кеткенін қаладық. Содан кейін барлығы біреуінің бұйрығымен сыртқа шықты. Бұл шамамен 21.00-ден асқан уақыт болатын.
200-дей шабуылшы музейде болған уақытта ғимараттың қор сақтайтын арнайы жертөлесінде жаралы әскери мамандар болған еді.
– Жертөледегі әскерилер қай уақытта келіп еді?
– Әскерилер олардың алдында алаңнан жараланып келгендер болатын. Біздің музей алаңға өте жақын орналасқан ғой. Сондықтан басы жарылып, қолы сынған 15 сарбаз музей маңайында құлап жатты. Соларға алғашқы көмек көрсетпек болып ішке кіргізіп алғанбыз. Оларды музейдің ең түпкі қоймасына жасырып қойғанбыз. Музейдегі 2 қызметкер жаралыларға білгендерінше, медициналық көмек жасады. Арасында қол-аяғына, көзі мен кеудесіне оқ тигендері де болды. Оларға қарап жыларман болдық. Шабуылдаушылар бес сағаттай музейде болған кезде бункерде құқық қорғау органдарының 15 адамы жаралы жатқанын білмеді. Біз де барынша білдірмеуге тырыстық. Араларында біреуі барынша тіміскілеп, сақтық танытып, бірдеңеге сезіктеніп жүргенін байқадым. Оны да сөзге тартып, көңілін аулауға тырыстым. Бар ойым мұражайдағы жәдігерлерді сақтап қалу болды.
Қорқынышты түс көргендей сезімде жүрмін
– Музейге келтірілген шығын көлемі анықталды ма?
– Музейге келтірілген материалдық залал көлемі жақын күндері анықталатын болады. Ең бастысы, Ұлттық мұраларымызға зақым келмеді.
Одан кейін қызметкерлеріміз екі күн бойы музейге қонып, ұлттық мұраларымызды сақтап қалды.
– Қазіргі көңіл күйіңіз қалай? Үрей басылды ма?
– Қазір бұрынғыша жұмыстамын. Дәл осы уақытта директорымыз кезекті еңбек демалысында болғандықтан сол кісінің міндетін уақытша атқарушымын. Әйел адам болғандықтан маған дұрыс қарады ма, әлде музейдің киесі, бабалар рухы қолдады ма білмеймін, осы жағдайдан аман қалдым. Өмірімде мұндай қорқынышты жағдайға бірінші рет түстім. Шынымды айтсам, шабуылшылармен бетпе-бет келгенде аса қорықпадым. Бірақ осы күндері бір қорқынышты түс көрген сияқты болып жүрмін.
– Шабуылшылар сіздің денсаулығыңызға залал тигізген жоқ па?
– Құдайға шүкір, сол оқиғадан мекеменің ешқандай қызметкері зардап шекпеді. Біз ол күні алаңда толқу болып жатқандықтан, біраз қызметкерімізді жұмыстан ертерек босатып, үйіне қайтарып жіберген едік. Музейде бар-жоғы 7-8 қызметкер болдық. Барлығымыз дін аманбыз. Барша отандастарыма тілерім де амандық. Елімізде мұндай қиын сәт енді қайталана көрмесін!
– Сұхбатыңызға рақмет!