Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев түлектерді соңғы қоңырау мерекесімен құттықтап, ұстаздар мен ата-аналарға алғыс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бақытжан Сағынтаев мектеп бітіруші түлектерді алғаш рет онлайн түрде өткен соңғы қоңырау мерекесімен құттықтап, қалада 545 түлек – «Алтын белгі» иегері, 714 оқушы оқу озаты екенін атап өтті. Оқу процесінің үзілмеуіне ат салысқан ұстаздарға, қолдау көрсеткен ата-аналарға алғыс айтты.
«Бүгін мектеп түлектері үшін ең маңызды күн. Алматыда 9299 мектеп түлегі үлкен өмірге қанат қақты. Соның ішінде 545 түлек – «Алтын белгі» иегері, 714 оқушы оқу озаты атанды.
Биыл мектептерде соңғы қоңырау алғаш рет онлайн түрде соғылды. Мектеп директорлары мен ұстаздар бұл күннің сән-салтанатын келістіріп, сезіндіру үшін қолдан келгенді жасады. Қыруар еңбек атқарылды. Төртінші тоқсанда сабақтар қашықтан өтті. Оқу процесінің үзілмеуі үшін жедел іске кірістік.
Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар!
Біз қиын сәтті бірлесе еңсере білдік. Тәжірибе жинақтадық. Бұл – болашақтағы заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажет тәжірибе. Биылғы түлектер мектепті онлайн тәмамдаған пионерлер болды. Қолайсыз жағдайда да білімге ерекше құштарлық таныттыңыздар. Балаларға қолдау көрсеткен ата-аналарға мың алғыс. Өз міндеттерін мүлтіксіз атқарған мұғалімдерге рахмет.
Құрметті түлектер! Өмірлеріңіздің жаңа парағын ашқалы тұрсыздар. Білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік көп. Қай мамандықты таңдасаңыз да, сол мамандықтың білгір маманы болып шығуға тырысыңыздар. Табандылық – арман мен мақсатыңа апарар алғашқы қадамың. Оқушының жетістігі – ұстаздың абыройы, еңбегінің нәтижесі. Ақ жол!», – деп жазады әкім.