Бүгін Алматы әкімі Б. Сағынтаев жұмыс сапарымен қаладағы мұз айдындарының дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл қыста қалада төрт тегін, яғни әлеуметтік мұз айдыны ашылады. Атап айтқанда, 28 панфиловшылар саябағында, Тұңғыш Президент бағында, сондай-ақ Наурызбай мен Түрксіб аудандарында және «MART» ойын-сауық орталығында іске қосылады.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев дайындық жұмыстарының барысын тексеріп, мұздың сапасы мен ілеспе сервистік инфрақұрылымын дұрыстау жөнінде бірқатар ескертулер жасады.
«Мұздың сапасын ретке келтіріп, конькиді жалға беру мен тамақтанатын орындарды дұрыс жолға қойып, демалу орындары мен санитарлық аймақтарды ойластыру керек. Мұз айдыны кез келген жастағы келушілер үшін қауіпсіз және ыңғайлы болуы тиіс», — деп мердігер компания өкіліне айтқан қала әкімі Б. Сағынтаев, әлеуметтік дегеніміздің сапасыздық емес екенін ескертті.
Мұз айдынының жалпы ауданы 12 мың шаршы метр. Алаңдағы мұз табиғаттың күрделі жағдайына байланысты болмайды. Айдындар арнайы жүйемен салқындатылады. 28 панфиловшылар саябағы мен Тұңғыш Президент бағындағы мұз айдыны мұз алаңдары түрінде жасалған.
Сапар қорытындысы бойынша қала әкімі Б. Сағынтаев жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасарларына, аудан әкімдері мен тиісті басқармаларға қалалық мұз айдындарының техникалық дайындық барысын бақылауды күшейтуді тапсырды.