Алматы хайуанаттар бағы жаңаша түрленеді. Қосымша бөлімдер ашылып, жануарларға қолайлы жағдай жасалады. Бұл туралы Еуро-Азия өңірлік хайуанаттар мен аквариумдар қауымдастығының халықаралық конференциясында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға Германия, Қытай, Малайзия, Түркия, Швеция, Бразилия, Әзербайжан сынды елдерден 162 маман қатысып жатыр. Олар хайуанаттарды күтіп-баптау сынды тақырыпты арқау етті. Үш күнге жалғасқан конференция бүгін аяқталады.
– Биыл зообақтың кіреберісі, кассасын түбегейлі өзгертеміз деп отырмыз. Жылдың соңына дейін жоба бітсе, келер жылы құрылыс басталады. 2030 жылға дейін 70 пайыз өзгеріс болады. Сондай-ақ зообақтар бір-бірімен меморандум жасайды, олар өзара жануарларды ауыстыруға келіссөз жүргізеді, – деді Алматы хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков.