ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің мәліметінше, қаланың құрылыс алаңдарында тиісті рұқсат алған 114 мұнара крандары бар
Алматы қаласының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында қала әкімі қалада болған мұнара краны бар төтенше жағдай тақырыбын қозғап, жауапты органдарға тиісті тапсырмалар берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салсақ, 23 қаңтарда Алматыдағы Таугүл шағынауданындағы құрылыс алаңында мұнара краны құлаған болатын. Төтенше жағдай салдарынан 49 жастағы краншы ауыр жарақат алып, жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды.
Алматы әкімінің орынбасары М. Әзірбаев алдын ала деректер бойынша төтенше жағдай кран құрылымының тозуына байланысты болғанын хабарлады.
«Бұл тергеу және техникалық жағдайды тексеру барысында анықталады», – деді ол.
ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің мәліметінше, қаланың құрылыс алаңдарында тиісті рұқсат алған 114 мұнара краны бар.
Алматы әкімі осындай төтенше жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін барлық мұнара кранының техникалық жағдайын тексеруді тапсырды.