Бейбіт шерудің соңын тәртіпсіздікке ұластырғандарды анықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр
Еліміздің Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз елде төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, бірқатар өңірде блок-бекеттер сақталатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ІІМ өкілі сондай-ақ, шерудің соңын тәртіпсіздікке ұластырғандарды ұстап, қару-жарақ жасырылуы ықтимал орындарды анықтау үшін иесіз үйлер мен саяжайлар, жалдамалы пәтерлер тексеріліп жатқанын ескертті.
«Жеке құрам ерекше режим жағдайында қоғамдық тәртіпті қадағалауын жаалғастырады. Жекелеген өңірлерде жедел жағдайларды ескере отырып, тыйым салынған заттарды тасымалдау тұрғысынан автокөлікті тексеру бойынша блок-бекеттердің, не болмаса шеп бекеттерінің жұмысы жалғастырылады», – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Осы орайда Нұрділдә Ораз заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруға шақырды. Егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыстар болмаса, жауапкершіліктен босатылады.
«Жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілер тауып алған жағдайда оларға тиіспеу керек және тасымалдауға болмайды. Мұндай жағдайда азаматтардан жазатайым оқиғалар мен жарақаттанудың алдын алу үшін полицияға «102» немесе «112» телефондары бойынша хабарлауды сұраймыз», – деді Нұрділдә Ораз.