Жауыр болған жауапсыз пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы. Саябақтағы жетіспейтін жер. Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев тұрғындармен тағы кездесіп, есеп берді. Шараға 9 қалалық басқарма өкілдері мен Алматы әкімінің орынбасары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл жолы аудан басшысы атқарылған шараларға қысқаша тоқталып, қалған уақытты сұрақ-жауап форматына арнады. Ашық диалогқа көшпес бұрын, жиналған халық бұған дейін жолдаған бұйымтайларының қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардар болды. Өткен жылы әкімдікке келіп түскен шағымдардың 77 пайызы коммуналдық шаруашылық пен абаттандыруға байланысты болса, 7 пайызы әлеуметтік, 6 пайызы кәсіпкерлікке қатысты. Қалғандары басқа бағыттарды қамитын сауалдар.
«Алмалы ауданында 861 аула бар. 2019-шы жылы 215-ін жаңарттық. Осылайша жалпы, 2016-шы жылдан бері 506 аулаға жөендеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 192-сі жаңасына ауыстырылмақ. Қалғандарын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр», - деді Алмалы ауданының әкімі Бекқали ТОРҒАЕВ.
Ашық микрофон аясындағы әңгіме, әдеттегідей қызу өрбіді. Арада бір сағаттың қалай өте шықаны білінбей де қалды. Қойылған сұрақтарға қарағанда, Алмалыда пәтер иелері кооперативтері ең өзекті түйткіл болса керек. Олардың қызметі ашық емес, көңілден шықпайды дейді тұрғындар.
«Ақшалар ұшты-күйлі жоқ боп кетіп жатыр. ПИК басшысы қалтасына басып жатыр деген сөз желдей есіп жүр», - деді бір тұрғын.
Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Баспанасыз жүрген бір азамат әкімнен үй салатын жер сұраса, басқа бір тұрғын саябақтарда үй жануарларын жетелеп жүретін жер жетіспейді деп мұңын шақты. Өз кезегінде аудан басшысы ит-мысықты алып жүру ережелерінің сақталмайтыны өз алдына бір проблема екенін еске салды.
Бұл мәселені шешу үшін, әр саябақтың кіре берісіне арнайы жәшіктер орнатылмақ. Оның ішінде целлофандар болады. Үй жануарымен келген адам әлгі пакеттерді алып, төрт аяқты жолдасының артынан жинап жүруі тиіс. Жалпы, бүгінгі есеп беру кездесуіне 500-ден астам адам жиналды. Әкімге 30-ға жуық сауал жолданды. Ең өткір мәселе көтерген тұрғындарды кездесуден кейін Бекқали Торғаев жеке қабылдады. Аудандағы ендігі ашық әңгіме алаңы алдағы сенбі күні №128-ші орта мектепте ұйымдастырылмақ.
Өмір Әнуарбек Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы