Жауапты компания жерлеу рәсіміне қатысты шығынды мойнына алған
Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған апаттан қаза тапқандардың саны төрт адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Денелерін күйік шалған жұмысшылар осыдан үш күн бұрын ауруханаға жеткізілген. Олар пештен жалын атқылағанда қашып үлгермеген. Кейіннен азаматтарды аман алып қалуға елордалық дәрігерлер де атсалысқан. Бірақ 22 шілдеде зауыттың 30 жастағы жұмысшысы Мұзафар Исмайылов алған жарақаттан қайтыс болды. Оның денесі 85 пайыз күйген. Ал кеше кешке қарай облыстық денсаулық сақтау басқармасы кәсіпорын технологі Ерұлан Қазкеннің де көз жұмғанын хабарлады. Дәрігерлер оның денесінің 90 пайызы күйгенін айтты. Өкінішке қарай, бүгін таңертең де 1981 және 1987 жылы туған азаматтардың ажал құшқаны мәлім болды. Ал ақ халаттылардың сөзінше, ем алып жатқан өзге жұмысшылардың жағдайы тұрақтала бастаған.
– Күйік шалған науқастар ішінен 2 науқас бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі жағдайы тұрақты. Екі науқас ауыр түрде реанимацияда жатыр. Жансақтау бөлімінде барлық ем-шара жалғасып жатыр, – деді Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы травматологиялық орталықтың басшысы Берік Төлеубаев.
Айта кетейік, өңірде аталған апатқа қатысты комиссия құрылып, тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жауапты компания жерлеу рәсімін ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығынды мойнына алған. Сондай-ақ марқұм жұмысшылардың отбасын қолдау үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем жасалатыны мәлім болды. Қара жамылған отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсетіліп, қызметкер мен оның жұбайының барлық несиесі толық өтелмек.
Оқи отырыңыз: Ферроқорытпа зауытында қайтыс болған науқастың денесін 80 пайыз күйік шалған - министр