2023 жылға қарай елдегі ең төменгі жалақы орташа еңбекақының 30 процентінен кем болмайды және 70 мың теңгені құрайды. Үкімет алдына осындай міндет қойып отыр. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«2023 жылдың басында ең төмен жалақы елдегі орташа еңбекақының 30 процентінен төмен болмауы керек. Қазір соған келе жатырмыз. Біздің болжамымыз бойынша, егер 2023 жылы орташа жалақы 224 мың теңге болса, онда ең төменгі жалақы 70 мың теңгеден асуы тиіс», - деді Нұрымбетов мәжілістегі кездесуден кейін.
Айтуынша, қазір ұлттық экономика және еңбек министрлігі бюджет шығындарын ескеріп, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен арттырудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр.
«Жақын арада бәрін есептеп, үкіметте келіскеннен кейін, халықты құлақтандырамыз. Ең төменгі жалақыны 2020 жылдың шілдесінен көтеруді жоспарлап отырмыз»,- деді ол мәжілістегі кездесуде.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ең төмен жалақы мөлшері бойынша айтарлықтай артта қалып отырғанын мәлімдеген еді. Мемлекет басшысы тұрғындардың нақты кірісін арттыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.