Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын қадағалау қалай жүргізіледі

25.06.2024 19:42

Өңірлік комиссия Наурызбай ауданына мониторинг жүргізді

Almaty.tv

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын себепсіз көтеретін кәсіпкерлер саны азаймай тұр. Биыл Алматы базарларында сауда үстемесінің мөлшерін арттыру бойынша 213 факті тіркеліп, 198 әкімшілік хаттама толтырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ 25 делдал жұмысын тоқтатты. Олар тауар құнына қосылатын бағаны 15 пайыздан асырып жіберген. Мәселенің алдын алу және қадағалау мақсатында құрамына құқық қорғау органдары, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіретін өңірлік комиссия Наурызбай ауданына мониторинг жүргізді.

Тексеру кезінде алғашқы дүкеннен-ақ заңбұзушылық анықталды. Егер кәсіпкерлер ескертуден кейін бір жыл ішінде іс-әрекетін қайталаса, 36 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін.

– Баға көтеру фактісі анықталған жағдайда материалдарды тіркеп, Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне хат жолдаймыз. Олар шара қолданады. Бірінші ескерту беріледі, қайталанып жатса, айыппұл салынады, – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Жандос Әбішкенов.

Негізінен Сауда және интеграция министрлігі нан, сүт, ұн, сүзбе, сары май, жұмыртқа сияқты 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімін бекітіп қойған. Кәсіпкерлер аталған өнімдердің бағасын белгіленген мөлшерден артық көтермеуі тиіс.

– Басында бағаның қалай қойылатынын білмедік. Бірінші рет ескерту айтылды. Тізім бойынша тауарларға баға қойылды, – деді жеке кәсіпкер Толқын Бекмұхамбетова.

Сондай-ақ министрлік дерегіне сүйенсек, бүгінде 10 тауардың бағасы төмендеген. Қарақұмық жармасы – 0,9, күнбағыс майы – 0,5 пайызға, қырыққабат – 0,4, сиыр еті, тұз және қант – 0,3 процентке, күріш – 0,2, макарон, сүзбе және ұн – 0,1 пайызға арзандаған. Бағаның төмендеуі 8 облыста, оның ішінде Ұлытау, Ақтөбе және Атырау облыстарында байқалып отыр.  

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын қымбаттатқандар анықталды