Сән әлеміндегі шара 14 қыркүйекке дейін жалғасады
Алматыда қала күні қарсаңында бүкіл Евразия құрлығының басын ашық алаңда біріктіретін сән апталығы өтеді. Халықаралық шарада атақты дизайнерлермен бірге жаңа есімдер таныстырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жобаны қала әкімдігі мен VisitAlmaty ұйымдастырғалы отыр. Фэшн көрсетілім бүгін кешке басталады. Жалпы шараның басты мақсаты – еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті қолдау, оқиғалы туризмді дамыту болып отыр.
Eurasian Fashion Week In Almaty шарасында отандық тауарлармен қатар, еуропалық және азиялық брендтер де таныстырылады. Ал мамандар ауқымды шараны фэшн-индустрия әлеміндегі қайталанбас оқиғаға балап отыр. Сән апталығының бірінші күні жас дизайнерлердің байқауынан басталады.
«Fashion Week for Future деген іс шарада 30-ға шақты дизайнер қатысқан. Бірақ оның 7-8-і сол кешкісін өздерінің киімдерін көрсетеді. Осы Eurasian Fashion Week In Almaty Қазақстанның фэшн туризмін дамытуына бағытталған. Және де жаңа дизайнерлердің өзінің жұмысын шығаруға ықпалдатуға бағытталған. Негізі осы іс шараның үлкен маңызы бар», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қалибек АҚЫЛБЕКОВ.
Сондай-ақ, сән апталығы кезінде панельдік пікір таластар мен шеберлік сыныптары да ұйымдастырылады. Айта кетейік, сән әлеміндегі шара 14 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы аралықта дизайнерлер өз туындаларын ұсынуға мүмкіндік алады.