Елімізде темекі айналымын бақылау мақсатында электронды бұйымдарға талаптар күшейеді. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша түзетулерді талқылау кезінде айтылды. Кәдімгі темекіге теңестірілген электронды шылымның айналымы қалай бақыланады? Әсіресе соңғы уақытта жастар, тіпті мектеп оқушылары арасында «сәнге» айналып кеткен бұл зиянды затпен күрес неге жүргізілмей жатыр? Бұл сұраққа Almaty.tv тілшісі жауап іздеп көрген еді.
Қазақстанда техникалық регламент әзірленді. Құжатта электрондық темекілерге қойылатын арнайы талаптар күшейтілетіні, сондай-ақ олардың импорты үшін жауапкершілік белгіленетіні жазылған.
«Өздеріңізге белгілі, жақында қабылданған жаңа Денсаулық кодексі бойынша электронды темекі олардың денсаулыққа әсерінің қауіптілігіне және никотинге тәуелділікке әкелетініне байланысты кәдімгі темекіге теңестірілген болатын. Осыған орай келесі сұрақ туындап отыр. Яғни қаржы министрлігінің тарапынан электронды темекі айналымына бақылауды күшейту бойынша қандай іс-шаралар қарастырылатын болады?», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов.
Бұған жауап ретінде Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл қазір электронды темекі импортына жауапкершілік енгізілуде деп жауап берді.
«Денсаулық сақтау министрлігі электронды темекі айналымын шектеу үшін техникалық регламент енгізді, электронды темекіге талап деген регламент енгізді. Қазіргі уақытта бұл регламенттер мемлекеттік органдарда келісу кезеңінде», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.
Электронды шылымды онлайн саудалаушылар көп. Әлеуметтік желіде вейп сатумен айналысатындар көп кездеседі. Сорақысы, электронды шылымға 7-9-сынып арасындағы оқушылар әуес.
Мамандар да бұл электронды шылымның зиянын айтып шаршадық дейді. Себебі жастар арасында құмарту алаңдатып отыр.
«15 жастағы бала 60 жастағы ер адам сияқты. Себебі оның есте сақтау қабілеті тез нашарлайды. Әрине, ауру белгілері бірден байқала қоймайды. Белгілі мерзім өткеннен кейін көктем, күз маусымдарында шылымға әуес адамдарда бронхит асқынады. Оған шылымның құрамындағы түрлі химиялық заттың әсерінен бронх демікпесі, аллергия сынды түрлі ауру қосылады. Себебі никотин мөлшері аз болғанымен, оның орнын хош иістендіргіштер, майлар толтырып тұрғанын ескеру қажет», – деді пульмонолог Эльмира Абишева.
Сарапшылар Қазақстанда отандық бюджеттің қоржынын қампайтып отырған темекі саудасымен айналысатын шетелдік 30 ірі компания барын айтады. Былтыр ел бюджеті 6,4 трлн теңгегеден аса сомаға толыққан болса, салықтық түсімдердің үштен бірі осы 30 шетелдік компанияға тиесілі.
Темекі өнімдерінен түсетін салықтың көптігі сонша, тіпті металлургия саласынан басып озады екен. Металлургтер бюджетке небәрі 161,5 млрд теңге салық аударған. Осындай пайдаға қарамастан, бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейп сатуға заңмен тыйым салынған. Ал Қазақстанның бұл қатарға қашан қосалатыны әзірге белгісіз.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» теларнасы, Нұр-Сұлтаннан