Қазақстан халқы қорықшыны ақтық сапарға шығарып салды (видео)

26.07.2019 19:43

Браконьерлер қолынан қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновпен қоштасу Жезқазған мешітінде өтті

Қорықшымен қоштасуға туыстары, достары, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, экология министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Қоскөл ауылының тұрғындары жиналды.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорықшыны қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттауды тапсырған болатын. Министр Мағзұм Мырзағалиев орденді Қаныш Нұртазиновтың анасына табыстады, деп жазды Sputnik Қазақстан.

Ведомство басшысы бір жылда мұндай екінші жағдайдың болуын ескере отыра, экологиялық инспекторларды оқытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

«Бір ай ішінде инспекторлар құрамына арналған теориялық және тәжірибелік курстар ұйымдастырылады. Оларды материалдық-техникалық қамтуға жіті назар аударамыз», - деді Мырзағалиев.

Сейсенбі, 23 шілде күні Ақмола облысында «Охотзоопромның» төрт қызметкері Бірсуат ауылында екі жол талғамайтын көлікпен киіктерді күзету шарасын өткізген. Рейд кезінде ақбөкеннің ауланғаны анықталып, қорықшылар браконьерлердің соңына түседі.

«Нива» көлігінен оқ атылып, салдарынан екі инспектор жарақат алған. Инспекторлардың бірі кеудесінен оқ жарақатын алып, дәрігерлер келгенше жан тапсырды. 1975 жылы туған екінші инспектор кеудесі мен иығынан жарақат алған. Ота жасалды. Қазір денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Қылмыс жасады деген күдікпен Арқалық тұрғыны ұсталды.

Ұлытау ауданының орталығындағы көшелердің біріне қайтыс болған қорықшының есімі беріледі.

Оның артында бес баласы, қарт анасы мен жары қалды.

Теги: инспектор