|
11.04.2020 | 14:44
9320

Алматы облысында полицейлер карантин басталғалы үй бетін көрмей жұмыс істеп жүр

Отбасынан жырақ жүрген полиция қызметкерлері жақындарына деген сағынышын қалай басатынын айтып берді

Алматы облысында полицейлер карантин басталғалы үй бетін көрмей жұмыс істеп жүр Almaty.tv

Алматы облысының полицейлерінің жақындарына деген сағынышын басуға не көмектесетінін жеткізді, деп жазады Almaty.tv Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып

Алматы облысының Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқарып келеді. Санитарлық және тосқауыл бекеттерге бекітілген жедел және саптық бөлімшелердің полицейлері тәулік бойы кезекшілікке түседі. Тәртіп сақшыларының көпшілігі қызметтік борыштарын өтеу мақсатында отбасыларынан жырақ, күндіз-түні өздеріне бекітілген аумақтарда жағдайдың кез келген өзгерісіне жедел әрекет ету үшін уақытша тұрғын үйлерді жалдап тұруға мәжбүр.

Мәселен, кейбір қызметкерлер айлап өз отбасын, балаларын, туыстарын және жақындарын көрмеген, ал мұндай қызметкерлер саны полицейлер қатарында аз емес. Мысалы, Іле аудандық Полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының взвод командирі Абылай Беркендыков Алматы қаласынан Өтеген Батыр кентіне көшіп, өзіне жүктелген міндеттерді адал орындауда.

«Маған жұмыстың жауапты жағы жүктелгендіктен, санитарлық және тосқауыл бекеттердегі қызмет атқаруды тәулік бойы тексеремін, оларға қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындауға көмек беремін. Мен өз үйімде 20 наурыздан бері болмадым. Отбасым және балаларыммен қызметтен тыс уақытта телефон, интернет байланысы арқылы тілдесемін», – деп атап өтті Беркендыков.

Іле аудандық полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Ғалымжан Сафаров  қызметтік қажеттілікке байланысты , яғни өзіне бекітілген тосқауыл бекеттегі қызметін орындауы үшін отбасын Алматы қаласына тастап, Боралдай ауылына қоныс аударған.

«Күн сайын балаларымнан СМС-хабарлама аламын, олардың суреттерін көріп қуанамын әрі уайымдаймын. Әрине, виртуалды байланыс оларға деген сағынышымды аз да болса басады. Алайда, бәріміз бұл қиындықтардың уақытша екенін түсінеміз. Мемлекет пен еліміздің әрбір азаматы алдымызға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр, сондықтан қызметтік борышымызды орындау кезінде жеке эмоциялар мен сағынышқа орын бере алмаймыз», -дейді Сафаров.

Алматы қаласы ҚР ІІМ академиясының курсанты Наурызбай Джанабеков Іле аудандық полиция бөлімшесінің криминалдық полиция бөліміне жедел уәкіл ретінде тәжірибеден өтуге келген. Өзінің жеке бастамасы бойынша тосқауыл бекетте қызмет етіп жүр. Қызметін атқару барысында ол іскерлік қасиеттерін көрсетіп, үлкен тәжірибе жинап, өзін адал қызметкер ретінде таныта білді.

«Күнделік жүргіземін. Онда жұмыс нәтижелерімді, әсерлерімді бөлісемін, қызмет атқару барысында болған әрбір қызықты оқиғаны атап өтемін, сондай-ақ жекелеген азаматтар тарапынан жасалған әрбір құқықбұзушылықты жазамын. Күнделігімдегі кейбір естелігімді жақындарыммен және туыстарыммен бөлісемін», – дейді қатардағы қызметкер Джанабеков.

Олардың әрқайсысы бұйрықтарды мүлтіксіз орындауда және жедел жағдайларға жақсы бағдарланып, төтенше жағдай кезінде қауіпті вирустың таралуының жолын кесу мақсатында қойылған міндеттерді шешіп келеді.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир