Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мегаполисте бұрын орталықтандырылған сумен, электрмен, газбен жабдықталмаған үйлердің мәселелерін шешу бойынша толық ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бақытжан Ақжаров қала әкімінің тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«3000 жеке меншік үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Барлығын жобалық-сметалық құжаттары бар. Биылғы жылы "Әлмерек" және "Қайрат" ықшамудандарындағы, ал келер жылы "Нұр шашқан" ықшамауданы бойынша жұмыстар аяқталады. Бұл жобалар іске асқан соң 3000 үйдің 2400-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылады», — деді ол.
Аудан әкімі қалған 600-700 үй бойынша биылғы жылы қажетті құжаттар дайындалатынын атап өтті. Келесі жылы осы үйлерге су құбырлары тартылады.
Бұдан өзге, «Нижний Пятилетка» елді мекенінде сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің құрылысы бойынша ЖСҚ әзірленді. 4 мың үйді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жоспар бойынша 2020 жылы — «Жас қанат» шағын ауданында 530 үй және Закарпатская көшесінде — 70 үй, «Алматы-1» вокзалының қазандығында — 76 үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Жобаларды іске асыру аясында 10 мың тұрғынды сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.